Ресейдің Камчатка түбегінде жойқын жер сілкінісі болды. Афтершоктар ұзақ уақытқа жалғасуы мүмкін дейді ғалымдар. Зілзаладан кейін Тынық мұхит жағалауындағы бірқатар мемлекетте цунами қаупі жарияланды. Жапонияда миллиондаған адамға көшу туралы ескерту жасалды. Цунами толқыны АҚШ-тың Гавай аралдарына, жағалаудағы қалашықтарына да жетті.
Ресейдің Камчатка түбегінде қуаты 8,8 балдық жер сілкінісі болды. Цунами көтеріліп, толқын биіктігі 3-4 метрге жеткен. Зілзала ошағы Камчатка орталығы Петропавл-Камчаткіден 150 шақырым жерде 32 шақырым тереңдіктен анықталды. Дүмпуден бірнеше адам жараланды, қаза тапқандар жоқ.
Олег Сергеев, төтенше жағдай министрлігінің қызметкері:
Жер сілкінісінің салдарынан балабақша қабырғасы опырылып түсті. Камчатканың шығыс жағалауын 3-4 метрлік толқын шайып кетті. Қазір төтенше жағдай қызметкерлері ғимараттарды бақылауда.
Зілзаладан адамдар ғана емес, итбалықтар да үрейленіп, теңізге сүңгіп жатқанын туристер түсіріп алған видеодан аңғаруға болады.
Геофизиктердің айтуынша, мұндай қуатты жер сілкінісі түбекте 1952 жылдан бері болмаған. Ғалымдар магнитудасы 7,5 балдық дүмпулер бір ай бойы жалғасуы мүмкін дейді.
Елена Кобелева, сейсмолог:
Өте күшті жер сілкінісінен кейін афтершоктар тағы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Мысалы, Севермуйск тоннелі маңында 2014 жылы болған зілзаладан кейінгі дүмпулер әлі де жалғасып жатыр.
Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін бірнеше елде цунами қаупі жарияланды. Жапонияда мыңдаған адам таңертең дабыл даусынан оянды. 2 млн-нан астам тұрғынға қауіпсіз жерге көшу туралы ескерту жасалды. Фукусима атом электростанциясының қызметкерлері эвакуацияланды. Алғашқы 30 сантиметрлік толқын Немуро қаласында көтерілген. Жағалаудағы аудандарда пойыз қатынасы тоқтап, Мияги префектурасында әуежай жабылды. «Ниссан» компаниясы екі префектурадағы зауыт жұмысын уақытша тоқтатты. Метерологтар толқын биіктігі 3-4 метрге жетуі мүмкін екенін ескерткен еді. Соңғы мәліметтерге сай, бұл қауіп сейілді.
Цунами толқыны АҚШ жағалауына да жетті. Гавайдың екінші ірі Мауи аралында коммерциялық әуе айлақтары жабылып, ұшақ рейстері доғарылды. Кей аралдарда толқын биіктігі 2 метрге жуықтаған. Тұрғындарға көшу туралы бұйрық беріліп, жолдарда ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Бірер сағаттан кейін қауіп сейіліп, тұрғындар үйлеріне оралды. Цунами көтерілуі мүмкін деген ескерту АҚШ-тың құрлықтық бөлігінде де жасалған еді.
Стифен Логан, генерал-адьютант:
Тынық мұхитындағы цунами қаупі жай ескертуге өзгертілді. Цунами туралы ескерту орталығы жағдайды бақылап, деректерді жаңартып отырады.
АҚШ-тың Цунами туралы ескерту орталығы жоғарыда аталған елдерден бөлек Чили, Соломон аралдары, Эквадорда 3 метрге дейін цунами көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Колумбия, Жаңа Зеландия,Филиппин, Индонезия мен Перуде тұрғындарға эвакуация туралы ескерту күшін жойған жоқ.
Арай Төлегенқызы
