Атырауда сирек кездесетін көне күміс тиындар табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда сирек кездесетін көне күміс тиындар табылды

30.07.2025

Атырау облысында «Ақтөбе-Лаэти» ортағасырлық қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде сирек кездесетін көне күміс тиындар табылды. Табылған монеталар Алтын Орда дәуіріне, нақтырақ айтқанда, Жошы Ұлысының билеушісі Меңгу-Темір ханның тұсына тиесілі. Жәдігерлерді зерттеген ресейлік нумизмат-ғалым Павел Петров оларды XIII ғасырдың екінші жартысына жатқызды. Сондай-ақ қазба барысында бүтін күйінде «Тағара» атты керамикалық ыдыс та табылған. Бұл артефакт сол дәуірдің тұрмыстық мәдениетін зерттеуде маңызды рөл атқармақ.

Амангелді Мұғауұлы, археолог:

Бұл тиынның ерекшелігі бір жағына Алтынордалық Мөңке Темір ханның таңбалары салынған болса, екінші жағына Қытай иероглифтерінің салынуы өте қатты қызығушылық тудырып отыр.

Соңғы жылдары бұл аймаққа ерекше назар аударылып келеді. Қалашықтың 53 гектар аумағы толық қоршалған. Болашақта бұл жерді ашық музейге айналдыру жоспарланып отыр. Зерттеу жұмыстарына Халел Досмұхамедов атындағы университеттің тарих факультетінің студенттері де қатысқан. Қазір археологиялық жәдігерлер 500 шаршы метр аумақтан аршылып, оқу ордасының зертханаларында ғылыми сараптамадан өтуде.

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу