Арқалық қаласында тозығы жеткен су құбырларын ауыстырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық қаласында тозығы жеткен су құбырларын ауыстырып жатыр

30.07.2025

Арқалық қаласының су құбырлары жаңартылып жатыр. Бұған дейін коммуналды желінің 86 пайызының тозығы жетіп тұрған еді. Жүйеден қайта-қайта ақау шығатын. Соңғы екі жыл қарқынды атқарылған жұмыстың нәтижесін тұрғындар енді көруде.

Тұрғын үйлердің жоғары қабатында тұратындар жылдар бойы ыдысқа су толтырып жинап, әбігерге салынатын. Себебі қысым әлсіз, үшінші қабаттан әрі қарқыны бәсеңдейді. Тіпті кейде су ақпай қалатын кездерде болған, дейді тұрғындар.

Айгүл Садықова, Арқалық қаласының тұрғыны:

Мен осы үйдің 4-қабатында тұрамын. Бізде судың көтеру мәселесі өте ауыр болды. Егер де базардың арғы жағында жер үйдегілер кешке жақын бақша суаратын болса, бізге су көтерілмейді. Осыдан 2 жыл бұрын қалада тұрбалар ауыстырылды. Жерді қазып, тұрбасын ауыстырғаннан кейін су жақсы.

Арқалық қаласындағы су жүйесін толық жаңартуға республикалық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Тозығы жеткен шойын құбырлар полиэтиленнен жасалған жаңаларына ауыстырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, олардың қызмет ету мерзімі 25 жылға дейін жетеді.

Ерлан Асқарбай, участок бастығы:

Жалпы қазан айына жоспарладық. Біз жұмыстың 70 пайызын біткендіктен, қыркүйек айында жалпы жұмысымызды аяқтасақ деген жоспарымыз бар. Жұмыс қарқыны жақсы жүруде. Ешқандай кедергі жоқ.

Соңғы екі жыл ішінде 40 шақырым құбыр ауыстырылған. Бұл апаттың алдын алып, тұрғын үйлерге ауызсуды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Жалпы жоба екі кезеңмен жүзеге асып жатыр.

Өміржан Әбдібеков, қалалық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Біз 2023 жылдан бастап жұмыс істедік. Бірінші кезеңде су құбырын ауыстырдық. 20 шақырым су желілерін ауыстырдық. Осы жылға 19,3 шақырым су желілерін ауыстыру жобаланған.

Өңірдегі ауылдарда да су құбырлары жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін 20 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Тағы 13-інде су тарату пункті ашылады. Осылайша, ауыл халқын 100 пайыз ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу