Ақтөбе қаласында ірі логистикалық хаб ашылады. Түркияға жасаған ресми сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесіп, жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады. Ауыл шаруашылығы, сауда, білім және мәдениет салаларында да жаңа іргелі келісімдер бар.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Анкара әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өзі қарсы алды. Жылы жүздескен қос Президенттің қол ұстаса жүруі — қос ел арасындағы бекем достық пен өзара сенімнің жарқын көрінісі. Бұл – тек дипломатиялық дәстүр емес, тарихи тамырлас халықтардың рухани жақындығын айшықтайтын символ. Әуежайда өткен қысқа жүздесуде лидерлер екіжақты қарым-қатынастың өзекті тұстарына тоқталып, сапардың мәні мен мазмұны жайлы пікір алмасты. Алдымен Қазақстан мен Түркия Президенттері Анкара төріндегі Ата Түрік кесенесіне арнайы барып, тағзым етті. Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше бизнес өкілімен жеке кездесті. Қазақстанға қаржы құйып, жұмыс істеп жатқан компания басшыларымен кәсіптерін кеңейту және жаңа жобларды бастау тұрғысында пікір алмасты. Мәселен, Түркияның ірі логистикалық компаниясы Қазпоштамен бірігіп, Ақтөбе әуежайында хаб салып жатыр. Қытайдан жеткізілген тауарлар ол жерден әуе жолы арқылы әлемнің барлық бұрышына тасымалданбақ. Ауыл шаруашылығы саласында да іргелі келісімдер жасалды. Қазақстан Президентін Анкара резиденциясында ресми қабылдау жаңа ғана басталды. Бұл жерде екі жақты келісімдер өтіп, үкіметаралық келісімдерге қол қойылады деп жоспарланған. Саяси маңызды мәселелер де осы кездесулер кезінде талқыланады. Алдағы шығарылымдарда толықтырып айтамын.
Оңғар Алпысбайұлы
