«Астана Балет» театрының ұжымы Италияда өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Балет» театрының ұжымы Италияда өнер көрсетті

11.09.2018

«Астана Балет» театрының ұжымы еуропалықтарды тағы да тәнті етті. Театр ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Италияның Милан қаласында екі күн өнер көрсетті. Талғамы биік еуропалықтардың назарына классикалық, заманауи балетпен бірге ұлттық нақыштағы «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасы ұсынылды.

«Астана Балет» театрының жарнамасы Милан көшелерінің бәрінде ілулі тұр. Билеттер сатылымға түскен күні-ақ өтіп кеткен. АҚШ-тың, Азия мен Еуропаның ең үздік сахналарын бағындырған қазақстандық әртістерді көруге италиялықтар да асығыпты. Театр ұжымының көздегені - көпшілікке қазақстандық заманауи өнерді көрсету.

«Туған жер», «Арулар шеруі», «Жусан» билерінен көпшілік ұлттық бояуға қанықты. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасына», Динаның «Әсем қоңыр» күйіне мың бұрала билеген әртістер ешкімге ұқсамайтын қазақ балетінің әлеуетін көрсетті.

Түрлі-түсті костюмдерден көз ала алмай, сұлулыққа сүйсінген көрерменнің жан дүниесін бір актілі «Fuego lento» қойылымы дүр сілкіндірді. Балеттің би партияларын қойған бразилиялық хореограф Рикардо Амаранте қатып қалған заңдылықтан шығып, көбіне ырғақты партияларды басым етуге тырысқан. Сондай-ақ, жас таланттар әнші Эдит Пиафтың өміріне негізделген «Махаббат, үрей, айырылу» балетін де көпшілік назарына ұсынды. Труппаның кәсіби шеберлігіне әйгілі «Ла Скала» театрының әртістері де тәнті болды.

Анна Ольховая, «Ла Скала» театрының әртісі:

-Мен өзім балерина, әрі педагог болғандықтан, спектакльді асқан қызығушылықпен тамашаладым. Әртістердің әр образды көрерменге жан-тәнімен жеткізуге тырысқаны, олардың ширақ қимылдауы қатты ұнады. Жас труппаның болашағы зор. Қазақстандық әртістердің Миланға келіп, мәдени тәжірибе алмасып жатқанымызға қуаныштымын. 

Франко Скельпо, көрермен:

-Әртістердің костюмдеріне, өнеріне, шеберлігіне тамсандым. Жас болғанына қарамастан, театр ұжымы қазақ балетінің ешкімге ұқсамайтын өзіндік стилін, ешкімнен кем емес екенін көрсетті. Керемет көңіл-күй сыйлап, ғажап спектакль көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз.

Екі сағаттық спектакльді сілтідей тынып тамашалаған көрермен қазақ әртістеріне қошеметті жаудырды. «Өскенде Астана Балетте» жұмыс істесек деп армандайтын Миландағы балет мектебінің кішкентай жұлдыздары гүлден шашу шашты. Италиялықтардың жүрегін жаулаған труппаның гастрольдік сапары енді Монакода жалғасады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

 

Хабарламаларға жазылу