Алматының қақ ортасында есін білмей, мең-зең күйде жатқан бес жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады. Жеткіншектерге бейтаныс әйел дереу көмек көрсеткен.
Куәгердің айтуынша, кәмелетке толмаған балалар ішкенін айтқан. Алайда ішімдіктің иісі шықпаған. Жасөспірімдерге дереу медициналық көмек көрсетіліп, балалар ауруханасына жеткізілген. Мамандар да оларды ішімдікке уланды деп отыр. Ал полицейлер тексеріс жүргізіп жатыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Жасөспірім мен оның заңды өкілдеріне заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Қоғамдық жерде мас күйінде жүру және ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамауына байланысты. Полицейлер кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен қауіпсіздігі үшін бірінші орында ата-ана жауапты екенін ескертеді.
15 мыңға жуық ата-ана жауапкершілікке тартылды
Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде жыл басынан бері 15 мыңға жуық ата-ана бала тәрбиесіне салғырт, немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартылған. Оның 14 мыңына 118 мың теңгеге жуық айыппұл салыныпты. Осы ретте қала тұрғындары ата-ананың балаға деген жауапкершілігін арттыру маңызды деп есептейді.
Айдана Қуантхан
