ШҚО-да қос әуежайдың құрылысы кестеге сай жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да қос әуежайдың құрылысы кестеге сай жүріп жатыр

24.07.2025

Қатонқарғай мен Зайсанда салынып жатқан қос әуежай пайдалануға берілген соң, алдағы 5-10 жылда шығысқа келетін туристер саны бірнеше есеге артпақ. Сондықтан оларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, аталған екі ауданға заман талабына сай қонақ үйлер де болуы тиіс. Президенттің тікелей тапсырмасымен салынып жатқан қос әуежайдың қазіргі құрылыс қарқынын әріптесім Олжас Керейхан арнайы барып көріп келді.

Зайсандағы әуежайдың құрылысы наурыз айында басталды. Нақты аумақ анықталған соң жер бедері зерттеліп, толық тегістелді. Қазір ұшақ ұшып-қонатын алаң салынып жатыр. Оның ұзындығы 2 шақырым 200 метр, ал ені 40 метр болады. Биыл қазанның соңына дейін асфальт төселеді.

Сәбит Сахариянов, бас мердігер компанияның өкілі:

Бүгінгі таңда әуежайдың қоршауы толық қоршалып біткен. 150 жолаушыға арналған аэровокзалдың құрылысы басталып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, үш шақырым жерден су құбыры тартылып жатыр. Зайсан қаласынан және Қарабұлақ ауылынан екі бағыт бойынша электр желісі тартылуда.

Зайсан әуежайы орташа ұшақтаға арналған. Пайдалануға берілген соң ішкі бағыттармен қоса Қытай мен Ресейге тікелей рейстер ашылады.

Қатонқарағайдағы әуежай құрылысы да кестеге сай салынып жатыр. Жұмысқа жалданған мердігер мекемелер негізгі күшті ұшу-қону жолағына жұмылдырған. Бұл аумақ 5 метрге дейін терең қазылды. Ал әуежай құрылысына негізінен жергілікті тұрғындар тартылған.

Қанат Әбдірахманов, көлік жүргізушісі:

Бұған дейін сыртта жұмыс істегенбіз. Әуежай ашылғалы бері үйден кіріп-шығып жұмыс істеп жүрміз. Өрнек ауылында 30-дай адам жұмыс істейміз. Қол жұмысы бар, жүргізушілер бар, арнайы техника айдайтын жігіттер де бар.

Қос әуежайдың құрылысы 2026-жылдың соңында аяқталуы тиіс. Пайдалануға берілген соң өңірге келетін туристердің легі де көбейеді. Соған сәйкес қызмет көрсету сапасы да жақсаруы керек.

Ұлжан Сұлтанғазықызы, Семей қаласының тұрғыны:

Қатонқарағайдың табиғаты өте керемет екен. Бірақ жол бойындағы сервистің жеткіліксіздігі байқалады. Балалармен келе жатырмыз. Көп жерлерде қол жуатын, тамақ ішетін орындар жиі кездессе, жақсы болар еді.

Қалдыбала Жолдыбаева, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Бір Қазақстанды асырай алатын жер екен. Сондықтан да жолын жөндеп, әуежайын салып, басқа адамдарға да қолжетімді болса екен деймін.

Қос әуежайдың құрылыс қарқыны бәсеңсімес үшін 300 техника және 500-ге жуық адам екі аусыммен тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу