Дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы барлығы 11 медаль жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы барлығы 11 медаль жеңіп алды

24.07.2025

Германияда өтіп жатқан Дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы барлығы 11 медаль жеңіп алды. Оның біреуі — алтын, қалған оны — қола. Жалпыкомандалық есепте еліміз 23-орынға жайғасты. Соңғы екі медаль дзюдо шеберлерінің еншісінде.

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Аман Бақытжан — өз карьерасындағы алғашқы Универсиадада жүлдегер атанды. Ширек финалға дейін сенімді жеткен ол жартылай финал жолдамасы үшін күресте испан балуанына есе жіберді. Дегенмен, жұбаныш белдесуінде өзбекстандық дзюдошыны, ал қола медаль үшін өткен шешуші белдесуде гүржі қарсыласын ескерту ұпайымен жеңіп, қола жүлдеге ие болды.

Аман Бақытжан, Универсиада ойындарының қола жүлдегері:

Шыны керек, аса қиын болған жоқ. Формамда болмаған соң, өз күресімді дұрыс сезіне алмадым. Қарсыластарымды да толық зерттей алмадым. Бірақ ағайлардың демеуімен осы жеңіске жетіп тұрмын.

Ал 66 келіге енді ғана ауысқан Ұлттық құраманың белді балуаны Нұрқанат Серікбаев финал жолдамасы үшін өткен белдесуде жеке бейтарап спортшыға жол берді. Жеңіп жатқан сәтінде (1 юко, 1 вазари ұпайымен) ескерту саны бойынша жеңіліс тапты. Алайда үшінші орын үшін өткен белдесуде Украина өкілін жеңіп, қола медаль еншіледі. Алдымен вазари, артынша ұстап тұру әдісімен жеңіске жеткен.

Нұрқанат Серікбаев, Универсиада ойындарының қола жүлдегері:

Өзім аздап асығыстық таныттым. Тактикалық тұрғыдан тұра беру керек еді, артқа шегініп, бекер істедім. Бұл үлкен сабақ болды. 66 келі салмақ дәрежесі өзіме ұнап жатыр. Қазір осы салмақта күресіп жатқан балуандардың көбі — әлемдік додалардың тәжірибелі қатысушылары.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу