Қызылордада «Қорқыт ата» атындағы мемориалды аллея қайта жаңғыртылып жатыр. Жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асатын демалыс саябағы алғаш рет 2002 жылы ашылған.
Жоба аясында аумаққа жасыл желектер отырғызылып, субұрқақтар, жарық шамдары, ойын және спорт алаңдары орнатылады. Сонымен қатар, қаладағы жол инфрақұрылымын жақсарту, көркейту және көгалдандыру бағытындағы жобалар да назардан тыс қалған жоқ.
Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов осы жұмыстармен танысты. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қызылорда қаласында ауқымды абаттандыру жобалары іске асырылып жатыр. Биыл Тұңғыш Президент паркі мен басқа да үлкенді-кішілі саябақтар абаттандырылуда.
Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» акциясы халықты біріктіру мүмкіндігіне айналды. Қызылорда облысындағы көгалдандыру, абаттандыру және осы акция аясындағы көлемді іс-шараларды басқа өңірлерге де тарту жөнінде Үкімет басшысына арнайы депутаттық сауал жолдадық. Қызылордада атқарылып жатқан осындай жобалар өзге аймақтарда да жалғасып, осы бағыттағы жұмыстар қолға алынатын болады.
Әділбек Серікұлы
