Таиланд пен Камбоджа арасындағы даулы шекара аумағында атыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таиланд пен Камбоджа арасындағы даулы шекара аумағында атыс болды

24.07.2025

Таиланд пен Камбоджа арасындағы даулы шекара аумағында атыс болды. Қақтығыстың басталуына байланысты қос тарап бірін-бірі айыптап отыр. Таиланд билігінің мәліметінше, жанжал кезінде 11 бейбіт тұрғын мен 1 әскери қызметкер қаза тапқан. Шекараға жақын орналасқан 4 провинцияның тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Таиланд армиясы Камбоджа сарбаздары бірінші болып Та Моан Тхом ғибадатханасы маңында оқ атқанын айтады. Ал Камбоджа қорғаныс министрлігі «Сарбаздар тек өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет етті, атысты алғаш бастаған — Таиланд әскері», - деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Камбоджа тарапы тай әскерін ауыр қару-жарақ қолданып, әуеден шабуыл жасады деп айыптап отыр. BBC мәліметіне сүйенсек, атыс әлі де жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұл екі елдің арасында ғасырдан астам уақыттан бері шешілмей келе жатқан шекара дауы бар. Екі тарихи ғибадатхана орналасқан аумаққа байланысты дау салдарынан соңғы бірнеше айда шиеленіс ушығып, бақылау-өткізу бекеттерінің жұмысы да тоқтап қалған еді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу