Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның адвокаттарын тыңдау процесі жабық форматта өтіп жатыр. Сот отырысы түстен кейін жалғасты. Ал оған дейін алаяқтықтан жапа шеккен 47 адам түсініктеме берді. Жәбірленушілердің пікірі екіге бөлінді. Бірі – Алашбаеваның жасы мен денсаулығын ескеруді сұраса, енді бірі керісінше, қатаң жазаға тартуды өтінді. Барлығы да «Осындай жағдайлардың кесірінен қоғамда қайырымдылық туралы теріс пікір қалыптасып жатыр», – дейді. Кешеден бері жәбірленушілердің пікірі тыңдалды. Бүгін бұл кезең толық аяқталды.
Әлижан Беков, «Ыбырай Ақтөбе» қоғамдық қорының директоры:
«Біз Біргеміз» фондына қорымыздың атынан 500 мың теңге көлемінде қаражат аудардық. Айыпталушылардың кінәсі сотпен толық дәлелденді деп есептеймін. Соттан біздің азаматтық талапты қанағаттандыруыңызды сұраймын.
Антон Ким, жәбірленуші:
Мен өз атымнан 500 мың теңге аударғанмын. Осындай оқиғалар қоғам мен мемлекеттің, үкіметтік емес ұйымдардың істеп жатқан барлық еңбегін жоққа шығарады. Бұрын қайырымдылыққа ақша аударып жүрген адам енді мың рет ойланады. Жазаға қатысты толықтай келісемін, прокурорлардың ұсынысын қолдаймын. Тек Алашбаеваның жасы мен денсаулығын ескеруді сұраймын.
Ақниет Балтанова
