Елімізде шомылу маусымы басталғалы 75 адам суға кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде шомылу маусымы басталғалы 75 адам суға кеткен

23.07.2025

Шомылу маусымы басталғалы еліміз бойынша 75 адам суға кеткен. Оның 28-і – бала. Оқыс оқиғаның басым бөлігі Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстарында болды, дейді мамандар. Мәселен, бір ғана Қапшағай су қоймасынан күнара 3-4 адам судан құтқарылады. Алматылықтар жиі баратын жағалаудың қазіргі жағдайы қалай? Шомылу кезінде демалушылар қауіпсіздік шараларын ескере ме?

Бұл бейнетаспада мамандар жағадан шамамен 300 метр қашықтыққа ұзап кетіп, кейін өз беттерімен қайта алмаған екі адамды құтқарып келеді. Демалушылар ескертуді елеместен қауіпсіз аймақтан асып кеткен.

Бір шақырымға созылған жағажайда әр 100 метр сайын диспетчер, 22 құтқарушы жұмыс істейді. Сондай-ақ жағажайда күндіз-түні судағы қауіпсіздікті толық бақылайтын бейнекамералар орнатылған.

Мамандар жағалауды таңғы тоғыздан қас қарайғанға дейін бақылап жүреді. Күн ысып, жағажайға келушілер артқаннан күніне 2-5 жас аралығындағы 50-ге жуық бүлдіршін жоғалып жатыр. Көп ата-ана баласын жағалауда қараусыз қалдырады, дейді құтқарушылар.

Ерік Байдәулетов, қалалық орталықтандырылған жағажай құтқару қызметінің жетекшісі:

Олар негізінен құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспайды. Соңғы екі күн ішінде төрт адамның суға бату дерегі тіркелді. «Белгіленген аумақтан аспа» деген ескертуді елемеудің себебі су астында шұңқырлар бар. Бір жері таяз, бір жері терең болады. Сол себепті екі аумақтың ортасына техника қойылады.

Айдана Қуантхан, тілші:

Біз қазір құтқарушылармен бірге су айдынына шолу жасап жүрміз. Мамандар күнде таңертең желдің бағыты мен судың тереңдігін анықтап мына жолаяқтарды орнатады. Егер адам белгіленген жерден асып кетсе, өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Қапшағай маңында 140-тан астам демалыс орны бар. Оның сегізі - қалалық жағажай. Тек соның біреуіне демалыс күндері 15-20 мыңдай адам барады. Ал жаз басталғалы құтқарушылар суға батқан 40-тан аса адамды алып шыққан. Айтуларынша, оның жетеуі ауыр халде болыпты. Сондықтан мамандар шомылу кезінде барынша сақтық шараларын ұстануға шақырады.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу