Бүгін Түркияның Стамбұл қаласында Ресей-Украина келіссөзінің үшінші раунды болады. Кездесу өтетін «Чираган» сарайы жанында қауіпсіздік күшейтілді. Владимир Мединский бастаған Ресей делегациясының Түркияға аттанғанын Кремльдің өкілі Дмитрий Песков растады. Оның айтуынша, кездесуде екінші раундта алмасқан меморандум жобаларына және өзара тұтқын алмасу процесіне қатысты мәселелер талқыланады. Ал Рустем Умеров жетекшілік ететін Украина делегациясы Стамбұлдан бұрын Анкараға ұшып барып, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Украина бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Киев алдағы келіссөзде Ресей мен Украина лидерлерінің кездесуіне дайындық мәселесін қозғамақ. Бұған дейін маусымның 2-де өткен келіссөздің екінші раунды қақтығысты бейбіт реттеуге қатысты ешқандай серпіліс әкеле қойған жоқ.
Арай Төлегенқызы
