Дәстүрге айналған шара Астанада осымен екінші рет өткізіліп отыр. Шоуға 12 елдің әншісі қатысты.
«Барыс Арена» таңғажайып шоу-концерттің ордасына айналды. Әртістердің өнерін тамашалауға келгендерде есеп болмады. Тамаша көңіл-күй мен әсем музыка, сахна декорациясы мен жұлдыздардың стилі, бәрі үйлесім тапқан.
Ерке Есмахан, әнші:
- Барлық елдерден жиналған өнерпаздардың арасында өзімнің болғаныма өте қуаныштымын. Шынымен де халықтың ілтипатына, марапатына лайық болып жатсам, менде басқа арман жоқ. Астанада осындай үлкен фестивальдің өтуі алға жасалған қадам деп ойлаймын.
Биылғы фестивальге әлемнің 12 елінен келген тәртістер қатысты. Оның ішінде Азия, Еуропа, Америкадан келген әншілер бар. Отандық және өзге елдің өнерпаздары ұсынған концерт көпшіліктің жадында көпке дейін қалары сөзсіз.
Болат Мажағұлов, қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы:
- Былтыр біз «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткіздік. Биыл «Барыс Аренада» өткізіп отырмыз. Басты мақсат – еліміздің өнерін әлемдік деңгейге көтеру. «Астана дауысы» арқылы Астананы жаңа деңгейге шығару.
«Астана дауысы» фестивалі Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен өткізіліп отыр. Кештің қоюшы режиссері - Киевтен келген талантты мамандар. Әртістер өнер көрсетіп жатқанда лазерлік шоу ұлттық нақыштағы ою-өрнек пен символдарға көмкерілді. Сахнаның негізгі экраны да қазақтың ұлттық бас киімінің үлгісінде болды. Ал, аренаның ортасындағы дөңгелек экран болса, Астана елтаңбасының формасына ұқсатып жасалды. Бұл фестивальдің ерекшелігі сол. Әр қойылымда режиссерлік қолтаңба бар.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.