Мектептерде балаларды бай болуға баулып, қаржылық сауаттылықты үйрететін оқу бағдарламасы енгізіледі. Енді оқушылар депозит, акция, облигация секілді инвестицияларды ерте жастан меңгереді. Ақшаны еселейтін дағдылармен қатар, салық, несие туралы түсінік алады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Ақша жинап, оны көбейтуді оқушылар 5-11 сынып аралығында үйренеді. Әуелі отбасылық бюджетті тиімді басқаруды меңгереді. «Үйге ай сайын келетін табыстың басым бөлігі қайда жұмсалады? Депозит, акция секілді инвестициялық жинақтарға жылына қанша қаржы салынады?» деген сұрақтарға жауап жазып, отбасының кірісі мен шығысын түгендейді, дұрыс жұмсауды, үнемдеуді үйренеді.
Жігер Төлеуханов, ұстаз:
Сол үнемделген ақшаны дұрыс бағытқа жұмсау маңызды. Мысалы, 600–700 мың теңгеге iPhone сатып аламын ба, әлде 100–200 мың теңгеге курс алып, жұмыс қабілетімді дамытамын ба деген таңдау тұрады. Мәселен, 9-11-сынып оқушыларында IELTS емтиханын тапсыру үлкен арман. Олар ата-анасы берген ақшадан үнемдеп, жинақтауды үйренеді.
Мұның бәрі бөлек пән ретінде емес, бұрыннан бар «Жаһандық құзіреттер» сабағында үйретіледі. Биыл бірнеше білім ордасына, ал 2026 жылдан бастап барлық мектепте енгізілмек. Қазір оқулықтар жазылып, ұстаздар арнайы дайындықтан өтіп жатыр.
Қаржылық сауаттылық сабақтары бастауыш сыныптарда да өтеді. Бірақ онда акция, облигация секілді күрделі тақырыптар емес, «Ақша деген не?», «Оны қайдан тауып, қалай жұмсау керек?» деген тақырыптар қамтылады.
Айнұр Архыматаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтинсарин атындағы ұлттық білім академиясының зертхана меңгерушісі:
Мысалы, 1-4 сыныптардағы «Дүниетану» пәнінде оқушыларға түрлі жағдаяттық тапсырмалар беріледі. Балалар пазл сияқты ойындарды ойнай отырып, бір-бірімен диалог құрып, түрлі тапсырмаларды орындау арқылы қаржылық сауаттылықтарын арттыруға дағдыланады. Біз осыған ерекше көңіл бөлеміз.
Мектептерде «Қаржылық сауаттылық» бағдарламасын енгізуді Президент былтырғы Жолдауда тапсырды. Бірінші кезекте, бұл ақшаны саналы түрде жұмсауды ерте жастан үйретіп, халықты несие қамытынан шығару үшін жасалып отыр. Биыл тұрғындардың банкке қарызы 40 трлн теңгеден асқан. Шамамен 19 трлн теңгені кәсіпкерлер, қалғанын қарапайым азаматтар алған.
Жанел Нұрболатқызы
