Қазақстанға келген әр мигрантқа ID-карта жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға келген әр мигрантқа ID-карта жасалады

22.07.2025

Бұдан былай Қазақстанға келген әр мигрантқа ID-карта жасалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Себебі, соңғы 2 жылда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің саны 1,5 есеге артып, заң бұзу фактілері көбейген. Олжас Бектеновтің айтуынша, ID-карта шекарадан өткен мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанды мониторинг жүргізуге мүмкіндік бермек.

 Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Еңбек және Цифрлық даму министрлікетері осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз етулері тиіс.

Биыл 1 млн-ға жуық шетел азаматы Қазақстанға келуге өтініш берген. ІІМ-нің дерегеніше, 2020 жылдан бері Қазақстанға келетін шетелдіктер уақытша тіркеуден босатылған. Бұрын 5 күн ішінде есепке тұратын. Ал, қазір олардың келгені туралы қабылдаушы тарап хабарлауға міндеттелген. Айта кету керек, бүгінде елімізде 212 мың шетелдік тұрақты түрде, 430 мыңы уақытша тұрады. Соңғы 3 жылда елімізге келген шетелдіктер саны 42 пайызға өскен.

 Бауыржан Әленов, ҚР Ішкі Істер министрінің бірінші орынбасары:

Қазір 87 елдің азаматы Қазақстанға визасыз кіре алады. Электронды виза 107 елдің азаматына қол жетімді. Биыл 900 мыңнан астам өтініш түсті. Тіркеу тәртібін сақтамағаны үшін 14 800 адам жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің елге келуі жылдан-жылға өсіп жатыр. Биылғы жарты жылдықта олардың саны 7,5 млн-ға жетті. Өйткен жылмен салыстырғанда 600 мыңға өсті. 90 пайызы ТМД азаматтары.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу