Филиппин аралдарында «Випха» дауылынан 5 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Филиппин аралдарында «Випха» дауылынан 5 адам қаза тапты

21.07.2025

Оңтүстік-Шығыс Азияның бірнеше еліне «Випха» дауылы соққы берді. Филиппин аралдарында табиғи апаттан 5 адам қаза тапты. 7 тұрғын жоғалып кеткен. Елдің оңтүстік-батысында өзендер арнасынан тасып, су тасқыны болды. Тайфун 800 мыңдай адамның өмірін қиындатты. 90 мыңдай адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Жүздеген көпір, жол бұзылып, мыңдаған баспанаға зақым келді. Елдің 100-ден астам қаласы электр жарығынсыз қалды.

Ал Қытайда дауыл салдарымен күрес жүріп жатыр. Дүлей дауыл елдің Гуандун провинциясына, Гонконг, Макао және Чжухай қалаларында көтеріліп, жел секундына 33 метр жылдамдықпен соққан. 26 адам жараланды. Гонконг әуежайы ұшақ рейстерін уақытша тоқтатты. 100 мыңдай жолаушы діттеген жеріне жете алмай, жолынан қалған. Кейбір өңірде уақытша паналар ашылып, оған 65 адам көшірілді. Соңғы мәліметтерге сай, дауыл бәсеңдеді. Дегенмен кей аудандарда жаңбыр жаууы ықтимал.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу