Жаңа кодекс: Қымбат мүлікке салық көбейіп, шағын кәсіпте есеп тапсыру азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа кодекс: Қымбат мүлікке салық көбейіп, шағын кәсіпте есеп тапсыру азаяды

18.07.2025

Жаңа Салық кодексінде 822 бап бар. Мәжіліс 5 мың, Сенат 131 түзету енгізіп, құжат 2 жылда 1 мың беттен асты. Маңызды өзгерістердің бір парасы арнаулы салық режимдеріне қатысты. Енді олар бұрынғыдай бірнеше емес, нақты үш жағдайда қолданылады. Атап айтсақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын бизнес иелері және шаруа қожалықтары қаптаған есеп тапсырмайды. Оларға бірқатар салықтық жеңілдіктер де бар.

Табысы 15 млн теңгеден аспаса, салықтан босатылады. Бұл такси жүргізушісі, пәтерін жалға беретіндер, шаштараз, сантехник және өзге де жұмыспен өзін-өзі қамтып жүргендерге қатысты. Бұрын олардың табысы 1 миллионнан асса, кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелетін. Енді өзінің жеке зейнетақы қорына, әлеуметтік және медициналық сақтандыруға жалпы табысының 4 пайызын төлесе болды.

Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:

Енді қосылған құн салығына келетін болсақ, бұл жерде сараланған мөлшерлеме белгіленді. Медициналық қызметтерге және дәр-дәрмектерге төмендетілген 10 пайыздық мөлшермелеме ұсылынып отыр. Ол 2026 жылдан бастап, 2027 жылдан бастап 10 пайыз ұсынылады.

15 млн-нан 500 млн теңгеге дейін табыс табатындар 2-3 пайыз салық төлейді. Қосымша құн салығынан босатылады. Ал ауқатты азаматтар қымбат мүлкі үшін салық төлеуге міндеттеледі. Атап айтсақ, 450 млн теңгеден асатын үй, қымбат көліктер, яхта, кеме үшін алым бар. Сондай-ақ әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз салық салынады.

Ерлан Каримов, экономист:

Дәулетті адамдарға салынатын салық мөлшері көбейді. Әсіресе жеке табыс салығы 2,8 миллион теңгеден аса табатындар 15 пайыз жеке табыс салығын төлейтін болады. Сонымен қоса 15 миллионнан асқан көлікке салынады, 100 миллионнан асқан ұшақ, кемеге салық бар.

Кірісі жыл сайын 900 миллион теңгеден асатын фермерлерге де 4 жарым пайыз алым болады. Бұған дейін олар салық төлемейтін. Бірақ қалған шаруалар үшін корпоративтік салық өзгермейді.

Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:

Бұл салықтан күтетініміз – 3 пайыздық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретіндер үшін елдің ішінде өзіміздің осы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етеміз дейміз. Бірақ осыған әлі күнге дейін жете алмай келеміз. Енді соған жеңілдік ретінде 3 пайыздық мөлшерлеме қорпоративті салықта қалып отыр. Бұл да ел экономикасына жеңілдік деп қарастыруға болады.

Сонымен енді табыс неғұрлым көп болса, салық соғұрлым қомақты төленеді. «Инфляция қосымша төрт пайызға артады. Десе де, алым көбейсе, біраз мәселе реттеледі», - дейді экономистер. Қазір бюджет жыл сайын 4-5 трлн теңгеден қағылып отыр. Соның орны толады. Ұлттық қорға қол жаю азаяды. Мұнайға тәуелділік азайып, мемлекеттік қарыз төмендейді. Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексінде цифрландыруға да басымдық берілген. Енді том-том есеп тапсыру деген болмайды. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер салықты мобильді қосымша арқылы төлей алады. Ескеретін жайт, бұл өзгерістердің бәрі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Жанел Нұрболатқызы


Хабарламаларға жазылу