Кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азаяды

21.09.2022

Мәжіліс микро және шағын бизнес үшін салық жүктемесін азайтуды мақұлдады. Құжатқа сәйкес, қазіргі бірнеше төлемдер бір төлем болып біріктіріледі. Салық мөлшері азаяды. Осы арқылы кәсіпкер табысының бір бөлігін қазынаға емес, өз бизнесін дамытуға жұмсай алады. Кәсібінің көкжиегі кеңейеді, ісі өрге басады.

Дәулет Дастанұлының кәсіпкерлікпен айналысқанына 15 жылға жуықтаған. Бизнестің қыр-сырын меңгерген ресторатор заң шеңберіндегі төлемдер мен алымдарға қатысты міндеттерін бұлжытпай орындайды. Дегенмен, Мәжілістегі салық жүктемесін азайтуға қатысты жаңалыққа ерекше қуанды.

Дәулет Дастанұлы, кәсіпкер:
Бізге бір шотпен алып келсе, бірден есептелсе өте ыңғайлы болады. Қалған пайызды бизнесімізді жалғастыруға, дамытуға, керек заттарға жұмсай аламыз. Пандемиядан қалай шыққанымыз, баға да көтеріліп жатыр, сондықтан оңай емес. Бірақ жеңілдіктер жасап жатыр.
Депутаттар «Салық кодексіне» өзгертулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қазір еңбекақы қорынан бірнеше төлемдер жүргізіледі. Енді оларды бір төлемге біріктіру ұсынылды. Ал әлеуметтік аударымдарды жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр.

Мәлік Құлшар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қосымша құн салығын, әлеуметтік салықты бөлек-бөлек төлейтін болса, соның барлығы біріктіріліп және төмендетіледі. Салықтың барлық жиынтықтарын қоссақ, шағын және микро кәсіпорындар 37 пайызға дейін төлейді. Жаңа барлығын біріктіріп келгенде 21,5 пайызға дейін төмендетіледі.

Бизнесті қолдау – экономиканы қолдау. Кейбір салаға басымдық та бар. Мысалы, балық өңдеушілерге қосымша құн салығын 70 пайызға азайту туралы норма ұсынылып отыр. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Қан өндірісін ынталандыру шикі қант импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілерін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылуы мерзімін ұзарту ұсынылады.

Құжатта жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде салық салу мәселелерін реттеу де қарастырылған. Құжаттың кемшін тұстары екінші оқылымға дейін тағы бір талқыланады.

Дарын Сағитов, тілші:
Заң жобасында ерекше қорғалатын аймақтарға қатысты да ұсыныстар бар. Мысалы, Бурабай секілді ұлттық парктер мен қорықтардағы автокөліктерге қосымша алымдар енгізіледі. Жалпы салық жүктемесін азайтуды келер жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Сол кезде мұндай қолдауға елімізде 1 млн 300 мыңға жуық кәсіпкер ие болады.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу