Маңғыстаулық балаларға биыл «Жарқын болашақ» білім беру бағдарламасы аясында 600 грант бөлінді. Білім гранттарының басым бөлігі техникалық мамандықтарға берілген. Айта кетейік, бүгінде Маңғыстаудың мыңнан астам баласы аталған бағдарламамен еліміздің үздік оқу орындарында тегін білім алып жатыр.
19 жастағы Жаңаөзен қаласының тұрғыны Жүсіп Жеткенбай «Жарқын болашақ» бағдарламасымен Жүргенов атындағы Қазақ ұлтттық өнер колледжін тәмәмдаған. Одан әрі өнер академиясына оқуға түсіп, 1 курсты сәтті аяқтады.
Жүсіп Жеткенбай, «Жарқын болашақ» бағдарламасының түлегі:
Мен осы «Жарқын болашаққа» түспес бұрын негізі ұстаз мамандығын таңдайын деп жатқан едім. Бірақ осы «Жарқын болашақта» осындай өнер жолы бар екенін, мүсін мамандығы барын, жаңа бағыттар бар екенін көрсетті. Менің әрі қарай дамуыма осы «Жарқын болашақ» бағдарламасы үлкен әсер етті.
«Жарқын болашақ» бағдарламасы Маңғыстау облысында тұратын 12 мен 22 жас аралығындағы балаларға тегін білім алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушылар шәкіртақымен қоса, жатақханамен де қамтылады. Оқу орнына дейінгі жол ақысы төленеді. Одан бөлек, ағылшын тілін терең меңгереді.
Айдан Бердеш, облыстық Білім басқармасының маманы:
Маңғыстау облысының жастарына барлығы 600 грант бөлінді. Іріктеу жұмыстарының нәтижесінде жалпы 533 грант иегері анықталды. Қалған осының ішінде 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылданған талапкерлер саны 490-ды құрайды. Ал қалған 43 грант иегерлері, олар Алматы қаласының 125 HighSchool және республикалық физика-математика мектептеріне оқуға қабылданды.
Қазір бағдарлама аясында Жаңаөзен қаласы мен Қарақия, Маңғыстау және Түпқараған аудандарының 1150 баласы еліміздің үздік оқу орындарында білім алып жатыр. Олардың көбі электротехника мен автоматтандыру, авиация және тау-кен өндірісі саласына қажетті мамандықтарды меңгеруде.
Аягөз Оралбайқызы
