Үкімет басшысы алғаш рет БАҚ өкілдеріне арналған брифингке қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы алғаш рет БАҚ өкілдеріне арналған брифингке қатысты

15.07.2025

Бүгін ел Үкіметі 6 айды қорытындылады. Тұтастай алғанда экономикада өсім бар. Тіпті мұндай оң көрсеткіш соңғы 12 жылда болмаған екен. Сандармен айтқанда 6 айда 6,2 пайызға экономикамыз қуаттала түскен. Биыл Ұлттық қорға 4,7 млрд доллар шамасында инвестициялық табыс келген екен.

100-ге жуық журналист кезекке тұрып, сұрақтарын сайлады. Себебі Үкімет басшысы алғаш рет БАҚ өкілдеріне арналған брифингке қатысты. Орынбасарлары да орнында. Тілші деген халықтың өкілі. Соған сай елді толғандырған мәселенің дені қамтылды. Үкіметтің үлкендері үш сағаттан аса брифингте отырып, соңғы сұраққа дейін ашық жауап берді. Премьер-министр девальвация қауіпі жоқ екенін және теңге бағамы кенеттен түсіп кетпейтінін айтты. Алғашқы сауалдың бірі – жолдың жыры. Бірақ биыл ахуал ауанды. Жыл басынан бері 13 мың шақырым жол жөнделіп, жаңасы да салынып жатыр екен.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Біз осыдан тура бір ай бұрын жұмыстарды, яғни Астана қаласынан Ырғызға қарай жолды салуды бастадық. Бұл жол Торғай өңірінің, әсіресе Арқалық қаласының дамуына өте үлкен серпін беретін жоба. Өйткені осы жол да, Жезқазғаннан Петропавлға баратын жол да Арқалық қаласы арқылы өтеді. Бұл бизнестің дамуына, осы өңірлердегі тұрғындардың өмір сапасының артуына үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан біз әрине бұл жұмыстарды жалғастыра береміз.

Үкімет басшысы қарамағындағы министрлер мен әкімдерді ашық сынай ма?! Осы сұраққа Премьер-министр әдебиет қана емес, елге қызмет те ардың ісі дегендей жауап берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Сын айтылады, дауыс көтеріп, қатты айту – басқарудың тиімді әдісі емес. Үкімет мүшелері, өңір әкімдері де үлкен мектептен өткен, жауапкершілігі жоғары адамдар. Ар – ең мықты бақылаушы. Егер адам өз ісіне жауапкершілікпен қараса, оның ісін біреу емес, өзі жақсы бақылай алады. Ал егер басшы қойылған міндеттерді орындай алмаса, жұмыс жүктемесін көтере алмаса, онда ол басшы болудан қалады.

Ашық сын – жабық жиындарда айтылады. Кейде өте қатты айтылады, деді Олжас Бектенов. Хош, күні кеше Президент Алакөлдегі ахуалды сынаған еді. Тілшілер Үкімет мүшелерінің қайда демалып жүргенін сұрады. Премьер-министр 2021 жылы Алакөлде болған. Содан бері демалыстың реті келмепті. Орынбасарлары да отандық туризмді таңдап, қолдайтынын айтты. Жиында тұрғын үйдің бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ екені баяндалды. Сондай-ақ ел енді еттен таршылық көрмейтін сияқты.

 Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

Азық-түлік қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілді. Ешқандай тапшылық жоқ. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінде жобалар бар. Ет бойынша үлкен 6 аустралиялық жоба бар. Биыл Қазақстанда ТМД-дағы ең үлкен бордақылау алаңы ашылады. 50 мың ірі қараға арналған.

Жыл басында Прьемер-министр бизнеске қарата үндеу айтып, салықтан жалтармай, қысқа мерзімде төлеңдер деп еді. Содан бері бюджетке 47 млрд теңге түсіпті. Қазақстандықтардың жеке деректері медициналық ұйымдардан тараған болуы мүмкін. Брифингте осындай ақпар айтылды. Бірақ алаяқтар шалған 67 млн қоңырау тоқтатылыпты. АЭС-тің мәселесі де айтылды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Росатом Түркиядағы АЭС-ті салып, иесі өзі болады. Ал бізде мүлдем басқаша. Біздің қазақстандық АЭС Қазақстанның меншігінде болады. Сондықтан Түркиядағыдай тәуекелдер аз болады деп ойлаймыз. Әрине біз ресейлік тараппен, әріптестерімізбен Қазақстан үшін өте маңызды жобаны кедергісіз, уақытында іске асыру бағытында жұмыс істейміз.

Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында жылу-электр орталықтары ресейлік серіктестермен бірге салыну керек еді. Қазір Көкшетаудағы орталықты өз күшімізбен сала бастадық. Ресей тарапынан жақын арада нақты жауап болмаса, жобаны өз бетімізбен іске асырудың нұсқаларын да қарастырамыз, деді Премьер-министр. Сөйтіп үш сағаттан асқан бұл брифинг еститін Үкіметтің, ашық әрі нақты сөйлейтінін де көрсетті.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу