«Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпаздары елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпаздары елге оралды

15.07.2025

«Славян базары» байқауының жеңімпаздары елге оралды. Беларусь елінде өткен өнер додасында ел мерейін көтерген таланттар бүгін таңертен Алматыға келді.

Халықаралық байқауда Гран-при иеленген Алмагүл Батталиева мен жас өнерпаз Мирас Нағашыбайды әуежайдан жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. «Славян базары» байқауына қатысу – менің үлкен арманым. Өнер дордасына жолдама алу үшін ұлттық іріктеуге сегіз мәрте өтінім жолдадым», - дейді Алмагүл Батталиева.

Дарынды әнші финалдық кезеңде 137 ұпай жинап, үздік атанды. Ал Мирас Нағашыбай балалар байқауында ел намысын қорғады. 1-орын иеленген жас өнерпаз «Тоқты мен серке» мультфильміндегі «Ақтамбердінің жыры» термесін эстрадалық өңдеуде орындап, көрермен мен қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленді.

Алмагүл Батталиева, «Славян базары – 2025» халықаралық байқауының гран-при иегері:

Бізде талантты әншілер өте көп. Іріктеуден өту - екінің бірінің қолынан келе бермейді. Халқымның, елімнің намысын қорғау - мен үшін үлкен жауапкершілік. Екіншіден, мен үшін үлкен мәртебе. Сенімдеріңізді ақтадым деген үміттемін.

Мирас Нағашыбай, «Славян базары – 2025» халықаралық балалар байқауының жеңімпазы:

5 жастан бастап ән айтып келе жатырмын. Осы күнге дейін мені анам дайындаған болатын. Ендігі мақсат – ешқашан берілмей, алға қадам басып, үлкендердің категориясындағы «Славян базарында» топ жары.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу