Қызылордада облыстық инфекциялық аурухананың бас есепшісі аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырған. Қаржылық мониторинг агенттігі лауазымды тұлғалардың 129 миллион теңгені қолды қылғанын анықтаған. Бас есепші заңсыз әрекетін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырған. Оған өзінің жұбайы сыбайлас болған.
Кәсіпкер ретінде тендерге қатысып, медициналық кереуеттердің нарықтағы құнынан үш есе жоғары баға ұсынған. Яғни, төсек орынның бір данасын 1 миллион 200 мың теңге деп көрсеткен. Осылайша, аурухана мен серіктестік 220 дана медициналық кереуетті 259 миллион теңгеге сатып алуға келісім-шарт жасасқан. Бірақ, құзырлы орган қаржылық махинацияны әшкере етіп, мемлекетке келтірілген шығын толық өтелді. Айып тағылған бас есепші 2 айға қамалды. Іс сотқа жолданды.
Әділбек Серікұлы
