Таразда Астана қаласының мәдени күндері өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда Астана қаласының мәдени күндері өтуде

25.07.2018

Қос шаһардың басшылығы тек мәдени ғана емес, кәсіпкерлік байланысты да нығайтпақ ниетте. Осы мақсатта бірқатар меморандумға қол қойылды. Ал, көне Тараз тұрғындары үшін «Ақ тілекпен, Астана!» атты көрме ашылып, М.Горький атындағы орыс драма театры бірнеше қойылым ұсынды. 

Астана 20 жыл ішінде әлеуеті зор, әлемдік деңгейдегі шаһарға айналды. Индустрияны жолға қойып, инновацияға бет бұрды. Енді шаһарды дамытудағы озық тәжірибелерін өңірлерге де ұсынды. Жаңашылдыққа негізделген тиімді ұсыныстар бойынша аймақаралық әріптестік бизнес форумында бірқатар меморандумға қол қойылды.

Ерлан Бекмұрзаев, Астана қаласы Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- «Мың орын» деген бағдарлама бар. Ол көшедегі сауданы жүйелендіруге арналған. Одан бөлек, қаламызда «Сергек» деген жоба бар. Ол қалада 13 мың камера орнатуды көздейді. Яғни, қала тұрғындарының максималды қолайлы өмір сүруіне жағдай жасайды.

Ал, Тараз қаласының тұрғындары үшін арнайы сурет көрмесі ашылды. Мұнда астаналық суретшілердің әр дәуірді байланыстыратын түрлі стильдегі шығармалары тоғысты.Тәуелсіздік сарайының қорынан жеткізілген 100-ге жуық туынды да келушілер назарына ұсынылды.  

Жұматай Жәкейұлы, қала тұрғыны:

- Бүгінгі суреттердің барлығы жақсы. Жастар мен үлкендердің суреттерінде айырмашылықтар болғанымен, деңгейлері шамалас. Көрмеге жақсы деген баға беремін.

Елордадан елге жеткен рухани сый жетерлік. Театр ұжымы түрлі қойылымдарды сахналаса, өзге өнерпаздар Әулиеата аспанын ән-жырмен тербемек. Бас қаланың мәдениет және өнер күндері Таразда ертең де жалғасады. 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу