«Ақбаян» спектаклі Эдинбургте сахналанады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақбаян» спектаклі Эдинбургте сахналанады

24.07.2018

Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры «ФРИНДЖ» халықаралық өнер фестиваліне қатысады. Тамыз айында Шотландияда өтетін шарада Сыр өңірінің әртістері Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша қойылған «Ақбаян» спектаклін сахналайды. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр.

Махаббат хикаясына толы елу минуттық қойылымда-бесікте атастырылып, бірақ, жолдары екіге айрылған, он жеті жылдан соң қайта жүздескен қос ғашықтың тағдыры суреттеледі. Бір-бірін көруге ынтық жүректер табысады. Бірақ, олардың қосылуына кедергі бар. Бірі - дүниеқоңыз -Қарабай - Баянның әкесі, екіншісі - Баянға ғашық, тек күшіне ғана сенген Қодар. Әртістердің дені - жастар. Аяқбаян рөлінде - Зарина Кенжәлі, жас болғанымен өте талантты. Көтерер жүгі салмақты қойылымда қазақ қызының образын сәтті бейнелейді.

Зарина Кенжәлі, Баян рөлін сомдаушы:

- Қазақ қызының мінез құлқын, тәрбиесін ашып береді деп ойлаймын өйткені, Баян сұлуда ер мінезділік те бар, нәзіктік те бар, үлкенге, кішіге құрмет те бар. Осы тәрбиенің барлығы бір Баянның өзінде жатыр десем қателеспеймін. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазақ қызы осындай болды дегенді көрсетуіміз керек.

Ұлттық бояуы қанық, мәдени құндылықтар тоғысқан «Ақбаян» спектаклі әлем сахнасын дүр сілкіндірмек. Бұл - театр ұжымы үшін үлкен мәртебе. Спектакльде қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы паш етіледі, ұлттық билер орындалып, асық, арқан тартыс секілді ойындар көрініс тапқан. 

Хұсейн Әмір-Темір, қоюшы РЕЖИССЕР, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Халқымыздың ұлттық дәстүрлерін, ұлттық қасиеттерін, сонымен бірге, шығарманы өзінің творчестволық үлгісінде, кейіпкерлердің ішкі психологиялық сәттерін толық көрсетуге тырысып жатырмыз. Екі жақ бірдей, бір жақ танымдық болса, бір жақ шығармашылық деңгейдегі спектакль болмақшы.

Шотландияның Эдинбург қаласында өтетін «Фриндж» фестиваліне әлемнің 50 мемлекетінен 50 мың өнерпаз қатысады деп жоспарланған. 3 мыңға жуық қойылым көрсетіледі. Соның ішінде қазақтың  «Ақбаянының» шоқтығы биік болары анық.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу