АҚШ-тың Техас штатында алапат тасқыннан қаза тапқандар саны күрт көбейді. Олардың арасында балалар да аз емес. Қазір іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр.
Американың Техас штатында су апатымен күрес жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, қаза тапқандар саны 81-ге жетіп, 41-і жоғалып кеткен. Қайтыс болғандардың көбі - Керр округінің тұрғындары. Олардың арасында христиан қыздарға арналған лагерде демалған 28 бала да бар.
Мейкон Уэйр, 78 жастағы зейнеткер:
Бір апта бұрын осы Мистик лагерінде менің бес немерем және қызым да демалды. Олар қазір үйде. Бірақ немерелерімнің достары екінші маусымға қалып, өмірлерімен қош айтысты. Кішкентай қыздарды қатты аяп тұрмын, жүрегім ауырып кетті.
Тревис, Бернет, Уильямсон, Кендалл тәрізді аудандарда да қаза тапқандар бар. Жалпы алғанда, құрбандар туралы мәліметтер тез өзгеріп жатыр. Себебі құтқарушылар іздеу-құтқару операцияларын бір сәтке тоқтатпай отыр. Ресми өкілдердің мәлімдеуінше, құрбандардың көбейетініне күмән жоқ. Өйткені, көптеген мәйіт әлі анықталмаған.
Фриман Мартин, Техас қауіпсіздік департаментінің директоры:
Біздегі жерлеу үйінде белгісіз адамдар, ересектер және кәмелетке толмағандар бар. Техастің тиісті мамандары олардың отбасы мүшелері мен қайтыс болғандардың өздерінен ДНК жинап жатыр.
Тасқын әлі де жалғасуы мүмкін. Себебі жергілікті метеорологтар жауын-шашын тағы да болатынын ескертті. Демек, құтқарушылар командаларының жұмыстары тіпті қиындауы ғажап емес. Олар зардап шеккен аудандарға барар жолда улы жыландар мен батпаққа және қоқыстарға тап болып отыр. Техас губернаторы Грег Эбботт мәлімдегендей, жергілікті билік жоғалып кеткен әрбір адамды табу үшін ештеңеден тайсалмақ емес.
Грег Эбботт, Техас губернаторы:
Біз тасқын құрбаны болған әрбір адамды тапқанша тыным таппаймыз. Бүгін немесе ертең тоқтайын деп отырған жоқпыз. Жұмыс аяқталған кезде іздеу операциялары доғарылады.
Техас штатында сұрапыл тасқын үш күн бұрын басталды. Дегенмен, аймақ тарихында ірі құтқару операциясы кейбір аудандарда қалпына келтіру жұмыстарына ұласқан.
Арыстан Рысбек
