Елімізде жол ережесін жиі бұзатындар үшін сақтандыру полисі қымбаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жол ережесін жиі бұзатындар үшін сақтандыру полисі қымбаттайды

07.07.2025

Жол ережесін жиі бұзатындар үшін сақтандыру полисі қымбаттай бермек. Қазақстанда міндетті төлемді есептеу жүйесіне өзгерістер енгізілді. 13 түрлі сақтандыру санатына тағы 3 жаңа класс қосылды. Оларға полис 4 есе қымбат шығуы мүмкін. Мәселені қарапайым жүргізушілер де, депутаттар да көтеріп, үкіметтен қайта қарауды сұрады.

Сақтандырудың құны әр адамға әр түрлі. Жүргізушінің жасы, өтілі, көліктің шыққан жылы, тіркелген өңірі, жолдағы тәртібі, бәрі есепке алынады. Және ол жыл сайын қымбаттап отырады.

Алтынай Қазиева, Сақтандыру компаниясының менеджері:

Ол ең бірінші МРП-ға байланысты. Бізде жыл сайын МРП өзгеріп жатады. Осы жылы 3932 теңге. Келесі жылы 4 мың теңге болуы мүмкін. Және әрбір қаланың өзінің сақтандыру тарифі мен коэфиценті болады. Мысалы, жол көлік оқиғасы өте жиі болып тұрғасын, бізде сақтандыру тарифінің өзі жоғары.

Бұған дейін жүргізушілердің сақтандыру санаты 13 класқа бөлінетін. Жаңа ережеге сәйкес оған тағы үшеуі қосылды. Бірінші рет сақтандыру алып жатқандарға А класы тағайындалып, полистің бағасы 2 есе қымбатқа шығады. Ал М1 және М2 жол ережесін өрескел бұзып ұсталған жүргізушіге беріліп, сақтандыру құны 4 есе қымбаттайды.

Мәселен, 2023 жылмен салыстырғанда алғашқы сақтандыру тарифі Астанада үш есеге өсіп, 112 000 теңгеге жетті. Алматылықтар кемі 78 мың теңге, ал өзге өңір тұрғындары 40 мың теңгеге сақтандыру полисін сатып алады.

Жол көлік оқиғасына кінәлі болсаңыз да сақтандыру санатыңыз төмендейді. Жылына 3 рет әкімшілік хаттама толтырылғандардың санаты 1 сатыға төмендейді, яғни, сақтандыру полисі қымбаттай түседі.

Жаңа тәртіппен депутаттар да келіспейді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл құжат елімізде тіркелген 6 миллионға жуық көлік иелеріне тікелей қатысты болса да, олардың пікірі сұралмастан, сала өкілдерінің қатысуынсыз бір жақты қабылданған. Бұл ретте, елдегі халықтың үштен бірінің тағдырына тікелей қатысты мәселені Агенттіктің осыған жауапты мекемелермен, жүргізушілер қауымдастығымен талқыламастан, бір жақты қабылдауын қалай түсінуге болады?! Көлік министрлігі қайда қараған?

Ал үкімет «бонус-малус» жүйесінің жаңа тәртібі саналы әрі тәртіпті жүргізушілер үшін сақтандырудың арзанырақ болатынын және бұл өзгеріс жолдағы қауіпсіздікті арттыруға көмектесетінін айтып отыр.

Қаулы жобасын жария талқылау 2024 жылғы 18 қазан мен 4 қараша аралығында ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында өткізілді. Бүгінде, бірыңғай сақтандырудың дерекқорында он жыл бойы жинақталған сақтандыру статистикасы сақтандыру сыйлықақысын жүргізушінің жеке тәуекелін және оның жеке сақтандыру тарихын ескере отырып есептеуге мүмкіндік береді. Бұл бүгінде 75 %-ға жуық саналы жүргізушілер үшін сақтандыру құнын төмендетуге ықпал етеді.

«Бонус-малус» жүйесі жолдағы тәртіпті күшейту құралы ретінде Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Канада, АҚШ, Аустралия елдерінде кеңінен қолданылады. Сондықтан шығынды айзайтқың келсе, тәртібіңді күшейт дейді мамандар.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу