Ертең - ұлттық домбыра күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең - ұлттық домбыра күні

05.07.2025

Ертең ұлттық домбыра күні. 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының мейрамы ретінде тойланып келеді. Қос ішектен төгілген күйдің күмбірін естіген адамның делебесі қозып, рухтанатыны рас. Ал сол үннің дұрыс шығуы шебердің ептілігіне байланысты. Қара домбыраға деген құрмет, шертпелі аспапқа шетелдіктерің қызығушылығы жайлы Ернұр Медеттің материалы.

Домбыра – қазақ халқының жаны мен жүрегінің үні. Қарапайым ағаштан ойылған аспаптың бір ұлттың бітім-болмысын айшықтайтын қасиетке ие боларын кім білген. Ал сол қоңыр дыбыстың шығуы ағашына байланысты,-дейді шебер. Себебі қаңқасын барлығы құрағанмен, оның қанық даусын екінің бірі шығара алмайтын көрінеді.

Нұржан Ділманов, шебер:

Дыбыс беретін негізі бет тақтайында. Бет тақтайы мысалы 10 жылға дейін кепсе, домбыраның дыбысы жақсы шығады. Домбыраны қанша қымбат ағаштан жасағанның өзінде бет тақтайын дұрыстап жаппаса, сапасы болмай қалады. Біздің қазақтың домбырасын станокпен қытайлар да жасаған. Дыбысын шығара алмай қойды. Бұның бәрі қолмен істеледі.

Қос ішекте сан ғасырлардың ақыл-ойы, көңіл-күйі жатыр. Оның төл аспап болуы да осыдан. Әйтпегенде қазақ «төл» атауын көпке тели бермейді.

Алмас Алматов, жырау, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Домбыра ұлттық музыкалық мәдениет, бұл ұлттың рухани ошағы отын жағатын, соның өмірін қоздатып, болашақ ұрпаққа ғасырдан ғасырға жалғастыратын бұл бірден бір қозғаушы күші. Сондықтан да ұлттық домбыра күнінің бүкіл халық болып мерекеленуі, тойлауы, бұл өнердің мұрагер ұрпақтары арқылы мың жылдықтарға жетуіне негіз болады деп ойлаймыз.

Осыдан 3 жыл бұрын Астанада арнайы «Күйшілер аллеясы» ашылған. Кіре берістегі мәрмәр тасқа дәулескер 101 күй¬шінің аты қашалып жазылды. Бұл қара добыраға деген шексіз құрметтің шағын көрсеткіші еді. Енді өнер саябағы одан сайын көркейіп, жаңарып жатыр.

Төлеген Қуанышев, идея авторы, республикалық «Күй анасы» қорының басшысы:

Алдымыздағы келе жатқан домбыра күнінде 110 жыршылар мен жыраулардың тасын дәл осындай қып қоямыз. Басты мақсатымыз осы жерді кәдімгі төл өнері, күйшілік өнерге, домбыраға арналған, соны дәріптейтін, насихаттайын орталық болғанын қалаймыз.

Қазіргідей дамыған заманда домбыраның үні алты қыр емес, алты құрлыққа да жетері сөзсіз. Оны жаһандық деңгейде насихаттап жүргендердің бірі Жақсылық Мұхаметжанов. Әлемдік хит әуендерді төл аспабымызбен сүйемелдеп, кавер нұсқасын жасайды. Әлеуметтік желідегі әр видеоның қаралымы 100 мыңнан бастап миллионға дейін жетеді.

Жақсылық Мұхаметжанов, заманауи домбырашы, композитор:

Оқырмандардың арасында 30 пайыздан астамы шетел жақтан. Сол кісілер жазады, сұрайды. Бұл не аспап, бұл инструмент қалай аталады, бәрін айтасың, түсіндіресің, ол біздің домбырамыз деп, қай жерде сатылады деп сұрайды. Осылай біздің домбырамыз әлемге танылып жатыр.

Ернұр Медет, тілші:

Домбыра – халқымыздың түп тарихымен тамырлас. Нәті ағаш болғанымен, үні ежелден ұлттың қуаныш-қайғысын жеткізді. Қадір ақынша айтсақ: Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек ғана: Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана. Ал осы қос ішектен төгілген күйдің ертеңге ұласуы, қасиетті қара домбыраның ұмыт болмауы ұрпаққа аманат.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу