Қазақстандық теннисші Юлия Путинцеваның Уимблдонда тағы да жолы болмады. Жекелей сынның алғашқы айналымында жеңілген отандасымыз жұптық сында да сәтсіздікке ұшырады. Ол бұл жарыста АҚШ өкілі Пейтон Стернспен бірге ойнады. Қарсылас тайпэйлік Чжань Хаоцин мен чехиялық Барбора Крейчикова. Бірінші сетте ұтылып жатып, есепті теңестірген қазақ-америка дуеті тай-брейкте есе жіберді. Ал екінші сетте Юлия мен Пейтон жұбы тәуекелге бара алмаған сынды. Бар болғаны 2 геймге қол жеткізді. Осылайша бір жарым сағатқа созылған кездесу 7:6, 6:2 есебімен аяқталды. Енді бүгін ерлерден жекелей сынның бірінші матчында жеңілген Александар Бублик италиялық Флавио Коболлимен бірге Ұлыбритания теннисшілеріне қарсы ойнайды. Әйелдерден жекелей сында қалған жалғыз жерлесіміз Елена Рыбакина грекиялық Мария Саккаримен үшінші айналымның жолдамасына таласады. Ал жұптық сайысқа қатысатын Анна Данилина мен чехиялық Мария Боузкова мысыр-поляк спортшыларымен шеберлік байқасады.
Асылбек Данияр
