Қазақстандық 3 былғары қолғап шебері бокстан әлем кубогының жартылай финалына жолдама алды. Олардың ішінде әйелдерден 57 келіде жұдырықтасатын Айдана Забынбекова мен ерлерден 80 келідегі Нұрбек Оралбай еш күш жұмсамай-ақ, жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Олардың қарсыластары жекпе-жекке шығудан бас тартты. Ал тағы бір отандасымыз 70 келідегі Наталья Богданова ширек финалда жеңіске жетті. Ол бразилиялық Барбара Мария Дос Сантосты қапы қалдырды. Үшінші раунда қарсыласын нокдаунға жіберіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешіммен финалдың жолдамасына таласуға мүмкіндік алды.
Күндізгі сессияда соңғы болып рингке шыққан 60 келідегі Серік Теміржанов әлем кубогын медальсіз аяқтады. Ол ширек финалда жапониялық Шунсуке Китамотадан жеңіліп қалды. Енді кешкі сессияда аса ауыр салмақта Айбек Оралбай 55 келіде Махмұд Сабырхан, 75 келіде Сабыржан Аққалықов қолғап түйістіреді.
Асылбек Данияр
