Шілденің шіліңгір ыстығында өрттің де қаупі күшейеді. Семей орманында болған алапат өрт сала мамандарына біраз сабақ болған сынды. Қазір елімізде орман алқаптарында су шашу құрылғылары бар авиация кезекшілік атқарып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. Өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері барлығы 27 мың гектар алқапта 261 орман өрті тіркелген. Мамандар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Жалпы, өрт қауіпсіздігін бұзған үш мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұлдың сомасы 52 млн теңгеден асады. Қазір өрттің алдын алып, оны ерте анықтауға басты назар аударылып отыр.
Ерлан Төрегелдиев, ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
Орман алқаптарында су шашу құрылғылары бар авиация кезекшілік атқарады. Бүгінде 24 борт дайындықта тұр. 26 орманшылықта ТЖМ күштері 36 механикаландырылған күзет бекетін құрды.
Самал Қабышева
