Түркістан облыстық Білім басқармасының экс-басшысы сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облыстық Білім басқармасының экс-басшысы сотталды

03.07.2025

Түркістан облыстық Білім басқармасының экс-басшысы Ғалымжан Жұмашев пен Тараз қалалық прокуратурасының прокуроры Нұрсұлтан Тілешевке қатысты сот үкімі шықты. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты басқарманың бұрынғы басшысын бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Оған 2016 жылдан 2023 жылға дейін кәсіпкерден жалпы сомасы 67 миллион теңге пара алды деген айып тағылды. Қомақты ақшаға Шымкенттен жер телімін сатып алып, жекеменшік мектеп соққаны дәлелденді. Ал прокурор болса, жәбірленушінің сеніміне кіріп, «оның үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқартамын» деп уәде берген. Осылайша 10 миллион теңгесін алаяқтық жолмен алған деген күдікке ілінген. Сот қадағалушы орган өкіліне Рақымшылық заңын қолдана отырып, 2 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал басқарманың экс-басшысы өмір бойы мемлекеттік қызмет атқарудан шеттетілді.

Саммедин Теміралиев, қалалық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы:

Сот үкімімен Ғалымжан Жұмашевқа түпкілікті 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа дәрежедегі түзеу мекемесінде өтеу белгіленсін. Сондай-ақ жәбірленушінің пайдасына 67 млн теңге қайтарып, жекеменшік мектебі мен жер телімі мемлекет пайдасына өндірілсін.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу