Олжас Бектенов: Ауылдарға су тарту жұмыстары созылып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олжас Бектенов: Ауылдарға су тарту жұмыстары созылып кетті

01.07.2025

Ауылдарға таза су жеткізу жобалары созылып кетті. Бүгін Олжас Бектенов жауапты министрлерді осылай деп сынға алды. Қазір ауызсумен қамту жұмыстарына жемқорлардан қайтарылған қаржыдан да тартылып жатыр. Дегенмен кейбір шалғай ауылдарға орталықтандырған су жеткізу мүмкін болмай тұр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі саладағы мәселені толық шешу мүмкін емес деді. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің мәліметі бойынша, қалаларда тұратын халықтың 99,3 пайызы, ал ауылдағы ағайынның 97,5 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарының қалаларында судан мәселе жоқ.

Ерсайын Нағыспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Елдегі демографиялық өсім мен жыл сайын су құбырларының тозуына байланысты халықты 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі жылда өзекті болып қала береді. 

Биыл республикалық бюджеттен және Арнаулы қордан сумен жабдықтау бойынша 442 жобаны іске асыруға 183 млрд теңге бөлінді. Ұзындығы 8,5 мың шақырымнан асатын қолданыстағы желілерді реконструкциялау және кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Биыл 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылады. Дегенмен кестеден кешіккен жобалар да бар. Премьер-министр Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын мысалға келтіріп, салғырттықтың себебін сұрады.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Екі себеп болды. Біріншіден, жылдан жылға бюджет тарапынан қаржы толық бөлінбеу. Екіншіден, мердігерлер сапасыз және уақытылы жұмыс істемеу. Қазір мердігерлермен жұмыс істедік. Жұмыстар қазір кестеге сәйкес жүріп жатыр. Биылғы жылы жоспарлап отырмыз, көп жұмысты биыл аяқтаймыз. Келесі жылы қабылдау жұмыстарын жүргіземіз.

Халыққа тазартылып жеткізілген суды үнемдеу мәселесі де өзекті. Тіршілік нәрін ең көп тұтынатын ауыл шаруашылығында да үнемдеу технологиясын пайдаланғандарға мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған. Тіпті қарапайым халық та суды барынша аз тұтынса, тариф арзанырақ болады.

Асан Дарбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

1-топ 3 текше метрге дейін тұтыну бойынша қолданыстағы тариф қолданылады. Екінші топ 3-тен 5 текше метрге дейін. Тариф 20 пайызға жоғары. Үшінші топ 5-тен 10 текше метрге дейін. Тариф 50 пайызға жоғары. 4-топ. 10 текше метрден жоғары тариф 100 пайызға жоғары.

Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов климаттың өзгеруі, суды тұтыну көлемінің артуы және су ресурстарының тапшылығы жағдайында үнемдеу технологияларын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету ол өте маңызды міндеттердің бірі. Бұл Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр. Қажетті қаражат Республикалық бюджетте көзделген. Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін қолданыстағы барлық жобаны іске асыруды қамтамасыз етсін.

Қазір Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Платформа спутниктер мен гидропосттардан, есепке алу құралдарынан алынған деректерді біріктіріп, елдің су қорын басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігін жасайды. Болашақта сала толық цифрландырылмақ. 

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу