«Қазақстан» корпорациясы «Естай мен Қорлан» атты телехикая түсірілімін бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» корпорациясы «Естай мен Қорлан» атты телехикая түсірілімін бастады

01.07.2025

«Қазақстан» корпорациясы «Естай мен Қорлан» атты екі сериялы телехикая түсірілімін бастады. Фильм негізінен «Қорлан» әнінің шығу тарихына арналған. Бұл ән Естай Беркімбаевтың шығармашылығының шыңы деп саналады. Телехикаяның сценарийін Сержан Зәкерұлы жазған. Қоюшы режиссері - Нұргелді Садығұлов.

Кино әлемінің ырымы бұл. Ақ тәрелкеге шығармашылық топтың есімдері жазылған. Сынықтарды жинап алып, түсірілім аяқталған соң қайта құрастырады. Егер барлық бөлігі жинақы, жігі жатық болса, фильм сәтті шықты деп саналады екен. Телехикаяда Естай мен Қорлан арасындағы ғашықтық жырының мәні, сол замандағы өнер мен өмір салты көрсетіледі.

Нұргелді Садығұлов, «Естай мен Қорлан» фильмінің қоюшы режиссері:

«Құсни-Қорлан» әні. Соның туу тарихына көбірек жүгіндік. Қандай жағдайда жазылды? Және ол ән осы күнге дейін бізге қалай жетті? Баянауылдың сұлулығы, Қорланға айтады ғой «мен сенің есімінді бүкіл әлемге жаямын» деп. Сол сұлулықты әннің арқасында бүкіл әлемге жайған сияқты көрінеді. Сол сұлулықты көрсеткіміз келді.

Естай - қазақ халқының сал-серілік дәстүріндегі серілердің соңы. Ақырғы жұқанасы. Мұндай сазгер тумады. «Құсни-Қорлан» әні Махабаттың символы болып қалды. Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібектің жалғасы. Мұндай фильм түсіру сын! Ал кейіпкердің бейнесін ашу үшін үлкен шеберлік қажет. Фильмде көрермен Естайдың өзі «жан серігім» деп «қоштасу» әнін арнаған қара домбырасының түп нұсқасын көре алады.

Нұржас Садырбай, Естай рөліндегі актер:

Бұл - үлкен жауапкершілік. Өте танымал кісі, аңыз адам. Бармақтай бақ беріп тұр ғой. Соған қуанамын. Болмаса, мен секілді талай жігіттер талантты, менен де керемет актерлер, әншілігі де мықты жігіттер өте көп. Бақ деп есептеймін.

Қазақтың сұлуы ғана емес, халқымыздың жүрегінен орын алған өлмес әнге арқау, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып кеткен тағдыр иесін сомдау кино әлеміне енді қадам басқан Дианаға бұйырды.

Диана Нағметоллаева, Қорлан рөліндегі актер:

Бұл рөл мен үшін үлкен жауапкершілік. Себебі халқымыздың шынайы тарихына жан бітіріп, сол заманның үнін, иісін, сұлулығын жеткізуге атсалысамын. Бұл рөл мен үшін үлкен аманат.

Естай болмаса, біз қазақ сал-серілерілік өнерінің тірі куәсін көрмей қалған болар едік. Екінші, Қорлан мен араларындағы махаббат. Естіген емес, біз көрген, куә болған, өмірде болған адамдардың анық символы. ХХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы тұрмыс салтты айна қатесіз көрсету үшін әртістердің киімі де толық жаңадан тігілген. Баянауылда басталған фильмнің түсірілімі Естай туған, тұрған Екібастұз өңірінде және Шарбақты ауданының атақты Маралды көлі жағалауында жалғасады.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу