2025 жылы Қарағанды облысына келетін туристер саны жарты миллионға дейін көбеюі мүмкін. Жыл сайын Қарқаралы ауданы мен Балқаш қаласында демалушылар саны артып келеді. Тиісінше Балқаш көлінің жағалауында жаңа демалыс орындары ашылуда.
Биыл мұнда 150 мыңға жуық демалушы келеді деген болжам бар. Туристік аудандарда 60 шақты демалыс орны мен 18 қонақ үй қызмет көрсетеді.
2025 жылы жалпы инвестиция сомасы 2,4 млрд теңгені құрайтын алты туризм нысанын іске қосу жоспарланған. Алайда шаһардың инфоқұрылымы жақсарғанымен, көл жағалауы ұсақ тастар мен қамыстарға толып кеткен. Бұған Балқаш көлінің тартылуы себеп, дейді кәсіпкерлер.
Бақдәулет Байбалин, жеке кәсіпкер:
Экология – Балқаштың проблемасы. Судың тартылуынан су астындағы тастар, қамыстар жағаға шығып қалды. Ол әсем көріністі құртады. Сол жағын тазартып берсе дейміз.
Жағалау мен қамыстарды тазарту үшін арнайы қаржы қарастырылмақ. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шеше алмайды. Былтыр қалаға келетін негізгі жол жөнделсе, биыл әуежай толығымен жаңғыртылмақ. Бұл да туристер легін арттырары сөзсіз. Онымен қоса Көкше теңізінің шұрайлы жерлері Шұбартүбек пен Тораңғылық елді мекендеріне су тарту жұмыстары басталған.
Еркебұлан Қамаубаев, Балқаш қаласы әкімдігі туризм секторының меңгерушісі:
Республикалық бюджеттен 700 млрд теңге бөлінді. Бұл Тоқырауыннан Тораңғылық кентіне дейін тартылады. Келесі жылы демалыс орындарына тартылмақ. Жоба 2 жылды қамтиды.
Жандос Бақытұлы
