Парламенттің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға байланысты заң жобасын мақұлдағанын айттық, тек Президенттің қол қоюы қалды. Сосын ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Біз заңды бүге-шігесіне дейін түсіндіріп көрмекпіз. Себебі адамдар үшін баспананың маңызы өте жоғары.
Заңға сәйкес, салынып жатқан нысандардан тұрғын үй сатып алуға ипотека берілмейді, ал пәтер сатып алу-сату мәмілелері тек банктер арқылы іске асады. Яғни қолма-қол ақшамен есептесу деген жоқ. Қолма-қол ақша жүретін нарық болғасын, жемқорлар пайдаланатын тетік те еді. Енді жеген ақшаны заңдастырып жүрген инструменттің бірі жоғалмақ. Бұл жақсы.
Алдын ала инвестициялық келісімшарттар мен бронь қоюға да тыйым салынады. Тек үлестік қатысу туралы келісімшарт қалады. Көлеңкелі, заңсыз құрылыс жүрмесе, салықтар төленсе, адамдар алданбаса – заңның мұраты түсінікті.
Алайда кілтипан мүлде жоқ па? Кей азаматтар үйдің іргетасы қаланып жатқанда ипотекалық несие алып рәсімдей бастайтын. Себебі пәтер арзанырақ шығатын. Енді қалай болады? Үлескер болып қатысуға артық бір тиыны жоқ адамдар үшін «есікке қара құлып» салынғаны ма? Сонымен бірге өзгерістер баспана бағасының өсуіне апармай ма?
Елдос Есенбол таразылайды.
