Қызылорда облысы, Арал ауданында Руханият орталығы ел игілігіне берілді. Өлкедегі мұражай, мұрағат, кітапхана секілді бірнеше мекемелер мен ұйымдар заманауи ғимаратқа көшті. Әмбебап орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі мен Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы арнайы қатысып, көптің қуанышына ортақтасты.
Сыр өңірінде былтырдан бері ауқымды бастама қолға алынып, барлық ауданда Руханият орталықтары бой көтерді. Маңызы зор кезекті нысан Арал қаласында пайдалануға беріліп отыр. Жоба құны 1,7 млрд теңге. Үш қабатты ғимарат қазақы нақышта салынып, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
«Руханият» орталығы – есімдері тарих бетінде алтын әріптермен жазылған Сыр шайыры – Нұртуған жырау, қазақ әдебиетінің алыбы, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, дарынды ақын Зейнолла Шүкіров, ақын-сазгер Шөмішбай Сариев, Қазақстанның Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев секілді таланттарымыз туған қасиетті топыраққа құтты шаңырақ болады деп сенеміз.
Жаңа орталықтың ашылуымен аудандық музей мен мұрағат мекемелерінің тынысы кеңейіп, мүмкіндігі артты. Мәселен, бұрын мұражайдың қоймасында сақталып келген көне жәдігерлер енді көптің назарына ұсынылып отыр.
Айбек Медетбаев, аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі:
Теңіздің табанынан табылған бұрынғы мамонттың тістері солардың бәрі біздің жарық көрмей жүрген экспонаттарымыз. Мына мүмкіндікті пайдаланып, Рухани орталыққа әкеліп, қойып жатырмыз.
Өлкенің кітап сүйер оқырмандары да қуанышқа бөленді. Ғимаратта 12 мың кітап сақтайтын сөре және екі үлкен оқу залы қарастырылған. Ал жастар жаңадан ашылған электронды кітапханаға айрықша қызығушылық танытуда.
Әсем Өмірзақова, кітапханашы:
Біздің аудан орталығында мұндай электронды кітапхана болмаған. Оқырмандар осы аудио материалдар арқылы кез келген тақырыпты компьютерге қосып, керекті мәліметтерін тыңдай алады.
Мұнан бөлек, Руханият орталығында қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар мен жастар орталығы шоғырланған. Яғни, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын таппақ.
Әділбек Серікұлы
