Биыл жазда шығыста 4 мыңға жуық бала арнайы демалыс орындарында тегін тынығады. Олардың барлығы әлеуеті әлжуаз отбасы мен жетім балалар. Сонымен қатар осы жылы Қызылорда мен Ақтөбе облыстарынан 80-нен аса оқушы Алтайдың тұмса табиғатында тынығады. Оқушылардың жазғы каникулын тиімді ұйымдастыру үшін өңірде 486 лагерь жұмыс істейді.
Өскеменнің іргесіндегі бұл лагерьде бір ауысымда 350 бала тынығады. Облыстың әр түкпірінен жиналған оқушылар 3 ай каникулдың 10 күнін осы жерде өткізеді. Бес уақыт тамақтанып, таудың таза ауасымен тыныстап, спорттық жарыстарға қатысады.
Нұрәли Байахмет, оқушы:
Біздің дене шынықтыру мұғалімдері бар. Олармен біз футбол, волейбол, баскетбол, ойнаймыз және бізде рафтинг бар. Ол Үлбі өзенінің бойында қайықпен жүземіз.
Лагерьге батыс облыстардан келген балаларға шығыстың тауы мен суы және нуы ерекше әсер етеді. Сондықтан кейбір оқушылар бірнеше жыл қатарынан келіп жүр.
Нұрайлым Кенжебекова, оқушы:
Осы жерде тапқан достармен кейін де байланысты ұстаймыз. Себебі олармен маған өте жақсы. Осы 10 күн аралығында біз бір үлкен отбасы болып шығамыз.
Лагерьдегі педагог-ұйымдастырушылар түрлі бағдарламалар дайындайды. Түрлі үйірмелер де үздіксіз жұмыс істейді.
Әділ Құсайынов, педагог-ұйымдастырушы:
Біз баланың ашылуына көп жұмыс істейміз. Олар 9 ай бойы сабақта болады. Біз сабақ беру мақсатында емес, бізге олардың ой өрісін, ойын деңгейінде сергіту ретінде өткіземіз.
Шығыста осы жазда оқушылардың жазғы каникулын ұйымдастыруға 635 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде өңірдегі 486 лагерьде, 10 мың бала тынығады. 12 демалыс орны табиғат аясында салынған. Ал мектеп жанында ұйымдастырылған 270 лагерьге 23 мың оқушы барады. Қосымша білім беру орталықтарында 63 мың бала жазғы демалысын өткізеді.
Әлима Ақылбек, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Биылғы жылы алғаш рет «Киелі шығыс» жобасы іске асатын болады. Бұл жасөспірімдеріміздің арасында туризмге бағытталған. Бұл жоба бойынша бірінші турдан өткен 200 оқушы шілде айынан бастап біздің киелі жерлерге оқу-танымдық саяхатқа шығатын болады.
Үш жыл бұрын басталған «Қонақ жай» отбасы жобасы биыл да жалғасады. Өзге ұлт өкілдерінің балалары тек қазақша сөйлетін отбасыларда 15-20 күн бірге тұрып тіл үйреніп, салт-дәстүрмен танысады.
Олжас Керейхан
