Атырауда қайтарылған активтер есебінен 3 нысан салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда қайтарылған активтер есебінен 3 нысан салынып жатыр

26.06.2025

Атырауда қайтарылған активтер қаражаты есебінен білім беру, денсаулық сақтау салаларында 3 нысан салынып жатыр. Қызылқоға ауданына қарасты Жамансор ауылында 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернат бой көтеруде. Бүгінгі күні оқушылар мектепке басқа ауданға баруға мәжбүр. Егер нысан пайдалануға берілсе, балалар өз ауылында білім алады.

Жамансор ауылында қазір 100-ден аса үй бар. Ал онда 700-дей адам тұрады. Елді мекенде 60 оқушыға шақталған бір ғана төртжылдық білім ордасы бар. Қалған үлкен сынып оқушылары 80 шақырымдағы Мақат, Мұқыр, Сағыз ауылдарына тіпті кейбірі көршілес Ақтөбе облысына қатынап оқуға мәжбүр.

Бағдабай Аманов, Эамансор ауылының тұрғыны:

Апта сайын барып, жатып оқып, апта сайын ауылға келеді. Сосын қайта кетеді. Жанқалталарына тиіп кетеді. Себебі бала көп болса, ақша да көп шығады.

Осыдан 15 жыл бұрын салынған төрт жылдық мектепте қазір 65 бала екі ауысымда білім алады. Аядай ғана нысанда бес-ақ сынып бар. Ұстаздар шәкірттер үшін сан алуан дүниелер жасағысы келеді. Алайда қол қысқа.

Жанаргүл Жұмағалиева, Жамансор бастауыш мектебінің меңгерушісі:

Актовый зал жоқ бірдеңе ұйымдастыруға. Спорттық ойындар ұйымдастыруға спортзал жоқ. Асханамыз жоқ. Үлкен мектептің жоқтығы – ауылымыздағы ең өзекті проблема. Ал туу көрсеткіші жыл сайын артып келеді ауылда.

Жуырда ауылда 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернаттың құрылысы басталды. Ақжолтай хабарды тұрғындар қуанышпен қарсы алды. Қазір интернаттың іргетасы құйылып, тас қалау жұмыстары басталды.

Сергей Алексеев, мердігер мекеме өкілі:

Мектепті оқу жылының екінші жарты жылдығында бітіруді көздеп отырмыз. Сол үшін тағы да 2 құрылыс бригадасын тартамыз. Құрылыс материалдарынан кідіріс жоқ.

Жаңа мектеп қаладағы оқу орындарынан кем болмайды. Спорт зал, акт залы, асхана, мединицалық пункт және заманауи зертхана секілді барлық жабдықпен қамтылады. Құрылыс уақытында аяқталса, 170 оқушы жаңа білім ордасының игілігін көрмек.

Талғат Бисен, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Жамансордағы мектептің құрылысының жалпы сметалық құны 2 млрд 80 млн теңге. Бірлік ауылындағы жобалық құжаттамасы 3 млрд болған еді. Қазіргі таңда түзету жұмыстарына сәйкес бұл жұмыстар қайта есептелуде.

Екі ауылдағы білім беру нысандарынан бөлек Құрманғазы ауданында аурухана жанынан МРТ құрылғысын қоюға ғимарат бой көтеруде. Бұл да қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынып жатыр. Барлық үш нысанда биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу