«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жас мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөледі
Енді елімізде уран өндірісі мамандығын оқуға болады. Биыл алғаш рет құжат қабылдау басталмақ.«Қазатомөнеркәсіп» осындай бастама көтеріп, «Мұрагер» және «Ізбасар» бағдарламалары арқылы жастарға қолдау көрсетуде.
Атом өнеркәсібін дамытып, салаға қажетті мамандарды даярлау еліміздің стратегиялық маңызды бағыттарының бірі екенін Мемлекет басшысы бірнеше мәрте атап өткен. Осыған орай «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы бірқатар кешенді шараларды қолға алды.
Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:
Биыл алғаш рет Қазақстан-Британ техникалық университетінің базасында «Уран өндірісі» академиялық бағдарламасының ашылғанын қуана хабарлаймыз. Оқу бағдарламасы «Қазатомөнеркәсіп» мамандары мен университеттің жетекші оқытушыларының белсенді қатысуымен атом саласының ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып әзірленді.
Бұдан бөлек Ұлттық компания кадрлық әлеуетті арттырып, жас мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мақсатта «Мұрагер» және «Ізбасар» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мысалы, 2023 жылдан бастап іске қосылған «Murager» бағдарламасы арқылы Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының талапкерлеріне және колледж түлектері мен 1, 2, 3 курс студенттеріне білім гранттары беріледі. Жастар уран өндіру және өңдеу, геологиялық барлау, ядролық-отын циклі, энергетика, экология және қоршаған ортаны қорғау мамандықтарын меңгере алады. Бағдарламаға қатысу үшін 15 тамызға дейін өтінім қалдыру керек.
Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:
Кадрлық қолдаудың келесі кезеңі - «Ізбасар» бағдарламасы. Оған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қызметкерлері мен Қазақстанның жоғары оқу орындарының түлектері қатыса алады. Бағдарлама қатысушылары компанияның әртүрлі бөлімшелерінде 5 айдан 3 ротациядан өтіп, тәжірибе жинақтайды.
Айта кету керек «Ізбасар» бағдарламасына өтінімдерді қабылдау 30 маусымға дейін жалғасады. Компания барлық қатысушылардың тағылымдамадан өту ақысын толығымен қаржыландырады. «Мұрагер» және «Ізбасар» бағдарламаларының талаптары әлеуметтік желілерде жарияланады. Аталған бағдарламаларға қатысу үшін «Қазатомөнеркәсіп»-тің әлеуметтік парақшаларына жазылу қажет.
Серік Жұмабек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
