Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Мемлекет басшысы Ақтөбеде XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашу салтанатында осылай деді. Алаңда «Айбын» жиынына қатысушы Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның өкілдері салтанатпен сап түзеп өтті.
Президенттің Ақтөбеге сапары Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қою шарасынан басталды. Өйткені биыл қазақтың қайсар қызының туғанына – 100 жыл. Еркерткіш басында Мемлекет басшысы Ақтөбе жұртшылығымен де тілдесіп, қазіргі алмағайып заманда бірлікті, татулықты сақтау өте маңызды екенін айтты.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашып берді. Шараға биыл Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800 жас қатысып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл «Айбын» жиыны қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Қазақтың қаршадай қызы соғысқа аттанып, бірден қан майданның ортасына түсті. Ол сұрапыл шайқастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адалдық үлгісін көрсетті.
Жиынға арқау болған тағы бір маңызды дата ол – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Өйткені бұл маңызды жетістікке жету жолында 27 млн-ға жуық КСРО халқының өмірі қиылды. Бір ғана Қазақстанның өзінен 1 миллион 200 мың азамат майданға аттанды, оның тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Мыңдаған адам далада, зауыттар мен фабрикаларда еңбек етіп, майданға азық-түлік, қару-жарақ және оқ-дәрі жіберді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Бұл – біздің елдерімізге ортақ тарихи мереке. Ұлы Жеңіс күнін атап өту – батыр бабалардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін жадымызда жаңғырту деген сөз. Қазақстан үшін мұның мән-мағынасы айрықша.
Президенттің айтуынша, қазіргі құбылмалы, бұлыңғыр заманда біз осы тарихи ақиқатқа адал болуымыз керек, зұлмат соғыстың қасіретті сабағын ұмытпауымыз қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шетелдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады.
Мемлекет басшысы әскер қатарында болу абыройлы міндет екенін атап өтіп, еліміз өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді. Өйткені, қуатты Армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Қазақстан Армиясының келешегі бүгін сапта тұрған нағыз отаншыл, батыл, мықты сарбаздардың қолында деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күшті, әрі епті екендеріңіз сыналады. Әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі.
Жиын аясында балалар мен жасөспірімдер «Айбын дарыны» интеллектуалдық ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы шығармашылық сайысына қатысады. Сондай-ақ бағдарламада спорттық сайыстар да қарастырылған. Яғни шарада жас сарбаздың батылдығы, шешім қабылдау қабілеті мен табандылығы сыналады. Жарыста Қазақстанның намысын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының ең үздіктері қорғайды.
Жиынның ресми ашылу салтанатынан кейін Мемлекет басшысына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов FPV-дрон операторларын даярлайтын инновациялық оқу-жаттығу кешені мен ұшқыштарға арналған заманауи жаттығу симуляторларын таныстырды. Одан кейін Президент «Smart sarbaz» жас робот техниктері үйірмесінің жұмысын көрді.
Нұрсұлтан Тілектес
