Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай түрлі мәдени шаралар өтіп жатыр. Мәселен, үш күнге созылған XXVI «Абай оқулары» мәресіне жетті. Ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған байқау биыл халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Ал абайлық аналар республикалық челленджді бастады. Шара хәкім әндерін шырқау арқылы, ойшылдың мұрасын көпшілікке насихаттауды көздейді.
Абай оқулары бес аталым бойынша өтті. Алғашқы кезеңге 1300-ден астам оқушы қатысып, тек 112-сі ақтық сынға жолдама алған. Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресейдің Алтай өлкесі, және Түрікменстаннан келген таланттар да бақ сынады.
Әлтайыр Әсет, І дәрежелі диплом иегері:
Байқау халықаралық мәртебе алғандықтан, бәсекелестік өте жоғары болды. «Абайдың асыл мұрасы» номинациясында шамамен 30 қатысушы бақ сынады. Шетелден келген қатысушылар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сонымен қатар, 200-ден астам Абай шығармасын жатқа білетін жастардың бар екені қуантады.
Сайыс қорытындысы бойынша 65 оқушы жүлдегер атанды. Оның ішінде 15 қатысушы І дәрежелі диплом және алтын медаль иеленді. Ұйымдастырушылар әдеби байқауда жыл өткен сайын бәсекелестік артып келеді, дейді.
Хәкім мерейтойына орай түрлі мәдени шаралар, ақынның туған топырағында толассыз өтіп жатыр. Солардың бірі Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттайтын аналар челенджі. Орталық алаңға жиналған 180 ана Абайдың «Желсіз түнде жарық ай...» әнін орындап, өзге өңірлерге жолдады.
Лариса Абылкасимова, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы:
Осы челлендж арқылы Абай атамызға, оның мұрасына құрметімізді, жүрегіміздегі жылы лебізімізді көрсетіп жатырмыз. Бұл челлендж Қазақстандағы барлық әйелді біріктіреді деген үміттеміз.
Нұрсила Заманбекова, қала тұрғыны:
Өте ерекше сезімдеміз. Осы біздің жолымызды аналар жалғастырсын деп тілейміз.
Жалпы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын тойлау үшін, халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекіген. Хәкім мерейтойының басты шарасы - ойшылдың туған топырағы Жидебай мен Қарауыл ауылында тамыз айында өтеді.
Ержан Жақып
