Бельгияда қатаң үнемдеуге қарсы шеру өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда қатаң үнемдеуге қарсы шеру өтіп жатыр

25.06.2025

Бельгияда бүгін жалпыұлттық шеру. Мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа шықпай, үкіметтің қатаң үнемдеу шараларына қарсы наразылық акциясын өткізіп жатыр. Салдарынан қоғамдық көлік қатынасы қиындап, әуе рейстері тоқтаған. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Шеруге елдің түпкір-түпкірінен дәрігерлер, мұғалімдер, әртістер, әлеуметтік қызметкерлер, мемлекеттік сала мамандары жиналуда. Қызметкерлер жұмысқа шықпағандықтан бүгін пошта, әкімдіктер, басқа да мемлекеттік мекемелер жабық. Қоғамдық көлік қатынасы қиындады. Бірен-саран автобус, травмайдан басқасы тоқтаған. Шерушілер биліктегілерден әділдікті, әлеуметтік диалог жүргізуді талап етуде. 

Элен Мортинс, әлеуметтік қызметкер:

Біз көп жұмыс істеп, аз зейнетақы алуға мәжбүрміз енді. Әлеуметтік жәрдемақыны да қысқартпақ. Жаппай қымбатшылық. Қалай күн көреміз. Биліктегілер бізбен еш санаспайды.

Әуежайдың қауіпсіздігіне, жүктерді тиеуге жауапты қызметкерлердің барлығы осы наразылық акциясына қатысып жатыр. Салдарынан бүгін елдің Шарлеруа әуежайынан ешқандай ұшақ ұшып, қонып жатқан жоқ. Брюссельдің Завентем әуежайынан ұшатын рейстер де кейінге шегерілді. Салдарынан 19 мың жолаушы жолынан қалды. Brussels Airlines әуе компаниясы осы бір күндік шерудің кесірінен 4 млн еуро шығынға батқанын хабарлады. Сарапшылар да Бельгияда ай сайын өтетін наразылық акциялары елдің туризіміне, шетелден инвестиция тартуына кері әсерін тигізуде деп дабыл қағуда.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу