Бүгін Air Astana және SCAT әуе компаниялары Дубай мен Доха қалаларынан Алматы мен Астанаға 6 рейс орындайды. Таяу Шығысқа ұшу жолы әлі де 6 мемлекеттің әуе кеңістігін айналып өту арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Air Astana бүгіннен бастап Дубайдан Алматы мен Астанаға, сондай-ақ Дохадан Алматыға ұшатын әуе рейстерін қайта іске қосты. Бүгінгі күнге дейін шегеріліп келген рейстердің жолаушыларын елге қайтару үшін қосымша репатриациялық рейстер де ұйымдастырылады. Ал SCAT әуе компаниясы азаматтарды Қатар елінен Қазақстанға шығара бастады. Доха – Алматы рейсі бүгін Қатар уақытымен сағат 07:35-те орындалды. Бортта 213 жолаушы болды. Сондай-ақ бүгін Доха – Астана рейсі де орындалады. Борт Дохадан Қатардың жергілікті уақытымен сағат 14:30-да ұшады деп жоспарланған. Жолаушылардың саны 290 адам. Азаматтарды әкетуге арналған келесі жоспарланған чартерлік рейстер маусымның 27-сі мен 29-ы күндеріне белгіленіп отыр.
Азамат Бейбітұлы
