Президент БАҚ өкілдерін марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент БАҚ өкілдерін марапаттады

25.06.2025

Қазіргідей алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет. Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерін марапаттау салтанатында осылай деді. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға тоқталып, отандық журналистикаға артылып отырған міндеттерді атады. Мемлекет басшысының айтуынша, әлем жаңа дәуірге қадам басты. Осы орайда журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін.

Жиында Президент отандық журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Еңбегі еленгендердің қатарында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қызметкерлері де бар. Әріптесіміз «Aqparat» бағдарламасының жүргізушісі әрі шеф-редакторы Армангүл Тоқтамұрат Президент сыйлығына ие болды. Ал «Balapan» телеарнасының ұжымына Президенттің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы жарияланды. Сонымен қатар «Qazsport» телеарнасының директоры Нағи Бақытбекке «Құрмет» ордені табысталды. Ал «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Ирина Тенге Алғыс хат пен «Алтын барыс» ордені берілді.

Ал корпорацияның аймақтық «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша, «Saryarqa» телеарнасының шеф-редакторы Гүлбақша Ақажанова «Ерен еңбегі үшін» медалдарымен марапатталса, «Kókshe» телеарнасының шеф-редакторы Зарина Бекқалиева Президенттің БАҚ саласындағы грантын иеленді. «Ertis» телеарнасының шығарушы редакторы Әлия Дәулетәлиева «Шапағат» медалімен, ұзақ жылдар бойы Қазақ радиосында қызмет еткен ардагер диктор Сауық Жақанова «Парасат» орденімен марапатталды.

Темірлан Нұрсолтан


Хабарламаларға жазылу