Енді елімізде баланың балағат сөзі үшін ата-ана жазаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді елімізде баланың балағат сөзі үшін ата-ана жазаланады

24.06.2025

Қазақстанда кәмелетке толмағандардың бейәдеп сөзі үшін жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша, енді көпшілік алдында біреудің ар-намысын қорлап, балағаттағы үшін баланың ата-анасы яки заңды өкілі 393 мың 200 тг айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Көшеде бейәдеп сөз айту бұзақылық болып есептеліп, 78 мың 640 теңге айыппұл, тіпті 15 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Қайталанса 30 күнге дейін темір торға қамалады. Баланың жасы өскен сайын жаза да өзгереді. 12 жасқа толғанға дейін – толық жауапкершілік ата-анаға жүктеліп, 10–15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. 14–16 жастағылар үшін де – ата-ана жауапты. Осы жаста бала балағат сөз айтса айыппұл 7 АЕК мөлшерінде болады. Ал 16–18 жастағылар өздері үшін өздері жауапты. Бірақ, жұмыссыз болса әрине айыппұлды заңды өкілі немесе тағы да ата-ана арқалайды. Айта кету керек, интернетте, әсіресе әлеуметтік желілерде балағат сөз жазу, қорлау немесе буллинг жасағандарға айыппұл мөлшері 200 АЕК — бұл 786 мың 400 теңге.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу