Көркем гимнастикадан әлем чемпионы елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көркем гимнастикадан әлем чемпионы елге оралды

24.06.2025

Көркем гимнастикадан Болгариядан өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде чемпион атанған Ақмарал Ерекешева мен өзге де жарыс қатысушылары елге оралды. Жас таланттарды жанкүйерлер елорда әуежайынан сән-салтанатымен күтіп алды.

Ақмарал жарыста 3 жаттығу бойынша финалға жолдама алды. Доп және таспамен жаттығуда алтын медаль иеленсе, шығыршықпен күміс жүлдеге қол жеткізген болатын. Тағы бір отандасымыз Айғаным Рысбек 5-орыннан көрінді. Ақмаралдың айтуынша, жарыс оңай болмаған. Әлем чемпионатына Азия біріншілігі аяқтала сала дайындалғанын жеткізді. Елге тарихи жүлде сыйлаған ол алда басқа да жарыстарда топ жаруға барымды саламын деді.

Ақмарал Ерекешева, көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы:

Мен өзім қатты қуаныштымын 2 алтын мен 1 күміс медаль алғаныма. Қазақстандықтарға, өзімнің бапкеріме, хореографқа, жанкүйерлеріме рақмет қолдау көрсетіп жатқан.

Меруерт Балғынбаева, А.Ерекешеваның бапкері:

Осылай әлем чемпионатында біздің туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалғанда бәріміздің көңіліміз босады. Өйткені алғашқы рет туымыз бүкіл әлемнің алдында көтерілген болатын. Жалпы көркем гимнастикада 1-2 жылмен бітпейді, 11 жыл дайындалдық деп айта аламын. Бұл 11 жылдың еңбектің нәтижесі.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу