Қарағанды облысы Балқаш қаласында соңғы 2 жылда 44 шақырым магистральдік құбыр жаңғыртылды. Жұмыс 2027 жылға дейін созылып, барлық желі 100 пайыз жаңаланады деп жоспарлануда. Онымен қоса туристік елді мекендерге су құбырлары тартылмақ. Оған ресбуликалық бюджеттен 700 миллион теңге бөлінген.
2022 жылдан бастап қаладағы суық су магистралін жаңалау жұмыстары басталған. Жалпы ұзындығы 125 шақырым құбырдың осы күнге дейін жартысына жуығы ауыстырылды. Биыл да 21 шақырымы жаңаланбақ. Жұмыс айтарлықтай нәтижесін беріп, апат 20 пайызға азайды дейді шенділер.
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
Су құбырлары толықтай ауысып біткен жоқ. Бірақ 2027 жылға дейін жоспар бар. Биыл 70 шақырымдай орталық магистральдік құбырларды ауыстырып бітіреміз. Қазір 13 эксковатр, 6 бригада әр көшеде қарқынды жұмыстар істеуде.
Шаһардың жылу магистралі де әбден ескірген. Соңғы рет 90-жылдардың басында ауысқан шойын құбырлардың көбі шіріп кеткен. Оның үстіне қысым жоқ. Осыған байланысты 650 диаметрлік құбырдың орнына 720 диаметрлігі салынуда. Негізгі құбырлар биыл жаңартылса, қалған жұмыстар кезең-кезеңімен екі жылда аяқталмақ.
Берік Бекмағанбетов, Балқаш қаласы ТҮКШ басқармасының басшысы:
25 шақырым ауыстырып жатырмыз. Өткен жылы 25 шақырым ауыстырылды. Бұл желілердің нашарлығы 85 пайыздан 65 пайызға төмендейді. Келесі жылы да жұмыстар болады. Оны «Балқаш-жылу» ұйымы өз күшімен аяқтауға тырысады.
Жандос Бақытұлы
