Маңғыстауда Бейнеу ауылында орталықтандырылған кәріз жүйесінің жоқтығынан, жер үйлер мен көп қабатты үйлерден шыққан кәріз суы жерге сіңіп жатыр. Жаңбыр жауса болды, ол жер бетіне көтеріледі. Мысалы соңғы жарты сағаттық жауын-шашыннан кейін 80 үй су астында қалған.
Бейнеуде 90 көпқабатты үй бар. Соның 23 пайызында ғана кәріз жүйесі жұмыс істейді. Қалғандарында пәтерлерден шыққан лас су жертөледе жиналады. 32,33,34-үйдің тұрғындары мұны растады. Тұрғындар жағымсыз иіс пен масаның ортасында, басқа амалдың жоқтығынан отырғандарын айтады. Пәтерлерін сатса өтпейді. Олар кәріз жүйесін жүргізіп беруді сұрап, құзырлы органдарға талай шағымданған.
Нұрлан Дүйсенов, Бейнеу ауданының тұрғыны:
Жертөленің астыны су кетіп жатыр. Ол жазымен тұрады, сосын оның шыбын-шіркейі бар. Күн ысыған кезде мына жерде жүру мүмкін емес. Астындағы этажда тұратындарға кәріз суының иісі сасып шығып тұрады.
Ауылдағы жер үйлердің де жағдайы мәз емес. Мұнда кәріз суы шұңқырларға төгіледі. Ал ол құмды жерге сіңіп жатыр. Салдарынан жер асты суы көтеріліп, жаңбыр жауса болды, төменгі жақта орналасқан үйлерді су басады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Бейнеуде жер асты суы өзекті мәселе. Жаңбыр жауса болды талай аула, көптеген үйлер су астында қалады. Мына 175 орындық балабақша да бірнеше рет су астында қалып, бүгінде жарамсыз болып, апатты деп танылған.
Қазір ауылда су басатын 5-6 көше бар. Әкімдік сол аумақтарға дренажды жүйе орнатуға ұсыныс берген. Бейнеу ауылында - 57 мың халық тұрады. Бірақ осы кезге дейін орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу жобасы қарастырылмаған.
Рахымжан Шалбаев, Бейнеу ауданының әкімі:
Коридор мәселесі тұрбаны салу үшін. Екі жағынан газымыз, суымыз бар. Олардың қорғалатын зонасы бар. Мысалы, канализацияның суы мен ішетін судың арасының арақашықтығы бар. Осы бір қиын мәселеге тап болып тұрмыз. Біз ертелі-кеш бұл жұмысты жасайтын боламыз.
Қазір ауданда ескі кәріз жүйесін модернизациялау бойынша, жоба жасақталып жатыр. Сонымен қатар, суға кеткен үйлердің қасына 2 дренажды жүйе орнатылды. Айта кетейік, сәуірде жарты сағаттық жауыннан кейін, 81 үй су астында қалып, 3 отбасы эвакуацияланған.
Аягөз Оралбайқызы
