Тегеран Америкаға жауап қайтару мәселесін таразылап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегеран Америкаға жауап қайтару мәселесін таразылап жатыр

23.06.2025

Бүгін Израиль Тегеранның «Эвин» деген түрмесіне соққы берді. Онда мыңдаған адам қамалған. Сотталғандардың қатарында саяси тұтқындар мен шетелдіктер бар. Ал «Рейтер» агенттігі Иранда Аятолла Хаменейдің орнын басатын адамды іздеу жеделдетіліп жатқанын хабарлады. АҚШ президенті Дональд Трамп болса, Иран билігін өзгерту идеясын күн тәртібіне шығарды. Вашингтон Таяу Шығыстағы жаңа соғысқа қалай килікті және Тегеранның әрі қарайғы әрекеті қандай болуы мүмкін? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Америка Құрама Штаттары Иранның ядролық объектілерін жоюға B-2 ұшақтарын жөнелтті. Олар Ислам Республикасына 18 сағатта жетіп, сенбіден жексенбіге қараған түні Фордодағы, Натанздағы, Исфхандағы қат-қабат жер астындағы атомдық нысандарға соққы берді. Бас-аяғы бункерге қарсы 14 бомба тасталған.

АҚШ президенті Дональд Трампқа сенсек, «Түнгі балға» операциясы сәтті аяқталған.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Мен әлемге бұл соққылардың керемет әскери жетістік болғанын айта аламын. Иранның негізгі ядролық байыту нысандары толығымен жойылды.

Иран болса, Американың шабуылына ұшыраған объектілер алдын-ала көшірілгендіктен, шығын соншалықты үлкен емес дейді.

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси де Фордодағы жерасты ядролық нысанына соққы тигенін растағанымен, оған қанша залал келгенін әлі анықтау қажеттігін мәлімдеді.

Айта кетсек, Иран өзінің атом бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін талай жылдан бері ескертіп келеді. Сол позициясын осы жолы да қайталады.

Аббас Аракчи, Иран сыртқы істер министрі:

Иран Ислам Республикасы АҚШ-тың бейбіт мақсаттағы ядролық нысандарға қарсы аяусыз әскери агрессиясын қатаң түрде айыптайды. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын өрескел бұзу болып саналады. Вашингтондағы соғысқұмар әрі заңсыз әкімшілік мұның қауіпті салдары үшін толық жауапты.

Иранның бас дипломаты тағы бір сөзінде айтқандай, оның елі Америкадан кек алғанша, дипломатияға жол жоқ.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, Тегеран енді әлемнің 20 пайыз мұнайы өтетін Ормұз бұғазын жауып, «қара алтын» бағасын шарықтатуы мүмкін.

Сонымен қатар, Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы 20 әскери базасы мен 40 мыңдай жауынгерін нысанаға алуы ықтимал. Бұл аздай АҚШ-тың Саудия, Араб әмірліктері, Кувейт сияқты одақтастарының мұнай-газ инфрақұрылымы да Иранға сонша алыс емес.

Мүбарак Әл-Атти, саудиялық сарапшы:

Айқын жайт сол – Иран Америка әкімшілігіне жауап қайтарғысы келеді. Және де Иран шынында да АҚШ-тың Таяу Шығыстағы нысандарын көздейтінін ескертті. Оның ракеталары Израиль қалаларына жетіп отыр. Демек, Құрама Штаттардың, мысалы, Ирак пен Сириядағы базаларына қауіп жоғары деген сөз.

Бұған дейін америкалық барлаушылар да Тегеранның жаппай қырып-жоятын қару өндіріп жатпағанын айтты. Алайда, соған қарамастан Израиль мен Құрама Штаттар Иран ядролық оқтұмсықты тез жасауы мүмкін деген тоқтамға келген.

Сол себеппен маусымның 13-де Израиль Иранға әуеден соққы беруге кірісті. Екі жақ бір-бірін бүгінде шабуылдады. Вашингтонда орналасқан Адам құқығы белсенділері тобының дерегінше, Иранда осы шайқас басталғалы Израильдің әскери операцияларынан кемінде 950 адам мерт болды. Израиль 24 тұрғын жоғалтқан.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу